Кебіспаев пен Гаджиевтар жүлделі орыннан тыс қалды
Шымкент қаласында күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатында өтуде. Жарыс жолына алғашқы болып шыққан грек-рим күрес шеберлері алты (55, 63, 67, 77, 87, 130 ) салмақ бойынша кім мықтыны анықтады.
Айта кететін жайт, кенеттен Алматыдан Шым қалаға ауыстырылған дүбірлі дода күтпеген нәтижелерге тола болды.
Ең жеңіл салмақта Қорлан Жақанша қарсыластарын қоғадай жапырып чемпион атанды. Ал 63 келіде жастар құрамасында жаттығып жүрген үржарлық балуан Ернұр Фидахметов финалдық белдесуде айла-әдіске толы күрес көрсетіп топ жарды.
Көптеген жанкүйерлердің назары Алмат Кебіспаев, Данияр Қаленов сынды мықты балуандарымыз белдесетін салмақта болды. Күрес сүйер қауым іштей Алматтың жеңісін қалағанымен бұл жарыста Азия чемпионының жолы болмады. Тіпті Алмат Кебіспаев үшінші орын үшін белдесуге жарақатына байланысты шықпай, жүлделі орыннан тыс қалды. Ал тағы бір бетке ұстар балуанымыз Данияр Қаленов үшінші орынды қанағат тұтты. Нәтижесінде, Мейіржан Шермағанбет Абылайхан Амзеевті ұтып, ел чемпионы атанды.
Тағы бір кіл мықтылар жиналған 77 келіде Нұржан Надыров Асхат Жаңбыров, Даниял Гаджиев, Тамерлан Шадукаев сынды мықтыларды жеңіп финалға шықты. Алайда, ақтық сында Бішкек төрінде құрлық чемпионы атанған Асхат Ділмұхамедовке шамасы жетпеді. Тәжірибелі алматылық спортшы қанжығасына алтын медальды еншіледі.
87 келіде фаворит саналған Азамат Құстыбаев пен Хосейн Муцольгов финалда түйісті. Грузияда жаттығып жүрген қос балуаның белдесуінде Азамат жинақы күресіп, қарсыласынан басым түсті.
Еліміздің белді балуаны Досжан Қартықов финалда ақтөбелік Жасұлан Маратұлын ұтып, мықтылығын дәлелдеді.
Алыптар айқасында Нұрмахан Тінәлиев қарсыластарын қоғадай жапырды. Жас Антон Савенко да Азия чемпионына бәсекелес бола алмады. Нәижесінде, жамбылдық балуан тағы да бір ел чемпионатының медалін қанжығасына байлады.
Қазақстан чемпионаты. Грек-рим күресі:
55 кг:
1. Қорлан Жақанша
2. Аманғали Бекболат
3. Нығметжан Қатымханов
3. Жансерік Сарсенбиев
63 кг:
1. Ернұр Фидахметов
2. Айдын Нұғманов
3. Райымбек Құрманәлі
3. Рамазан Тілеуқор
67 кг:
1. Мейіржан Шермағанбет
2. Абылайхан Амзеев
3. Данияр Қаленов
3. Абылай Серік
77 кг:
1 Асхат Дильмухамедов
2 Нуржан Надыров
3 Тамерлан Шадукаев
3 Рахмет Сапиев
87 кг
1. Азамат Құстыбаев
2. Хосейн Муцольгов
3. Осман Уали
3. Санжар Темірбек
130 кг
1. Нұрмахан Тіналиев
2. Антон Савенко
3. Мансур Шадукаев
3. Талғат Жиентаев