Ахмедов: Алдағы 2-3 жылда чемпион атанғым келеді
Талантты қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (1–0, КО1) Prosports.kz тілшісі Қайсар Оқаспен сұхбат барысында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегі жайлы айтып болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Жасы небары жиырмаға енді толған Садриддин еліміздегі ең талантты боксшы саналады. Бұған себеп те жоқ емес. 2016 жылы өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында Ахмедов 69 келіде қарсылас шыдатпай чемпион атанған. Енді ол ересектер арасында құраманың көшбасшысы Абылайхан Жүсіповқа бәсекелес атануы тиіс болатын. Алайда Садриддин әуесқой боксты қойып кәсіпқой боксқа бет бұрды. Сауль Альварес кәсіпқой боксқа 14 жасында келгенін ескерсек, Ахмедовтың жиырма жасында кәсіпқой боксты таңдауында еш әбестік жоқ деп есептейміз.

– Садриддин, кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамың сәтті болып қарсыласыңды алғашқы минутта нокаутқа жібердің. Өзіңнің көздегенің де осы ма еді?
– Мен қарсыласымды отыз секундқа жеткізбей жеңемін деп ойлаған жоқпын. Алайда кездесуді аяғына жеткізбей аяқтайтыныма сенімді болдым. Нокаут үшін шықтым десе де болады. Ал қай раундта нокаутқа жіберетінім маңызды болмады.
– Сен канадалық «Eye of the Tiger» промоутерлік компаниямен келісімге отырдың. Таңдау неліктен оларға түсті?
– Мен үшін канадалық компаниямен келісімге келу маңызды болды. Бұл жақта жүріп Канада мен АҚШ елінің екеуінде қатар бокстасуға мүмкіндік бар. Бұл компаниямен жұмыс жасау менің болашағым үшін маңызды екендігін түсіндім. Олар маған жақсы жағдай ұсынды, мен келістім. Қай елде бокстассам да Қазақстан атын шығаруға дайынмын.
–Монреаль ұнады ма, жалпы Канада қалай?
– Канада өте қатты ұнады. Әрине отаныңмен салыстыруға келмейді. Канадалықтарды өте қонақжай ел деп айтуға болады. Бізді жылы шырай танытып қарсы алды. Бұл жақта дұрыс жол нұсқап жіберетін адамдар жеткілікті.
– Кездесудеріңнің басым көпшілігін Канадада өткізесің ба?
–Әбден мүмкін. Бұйыртса Канада мен АҚШ елінде кездесулерімді өткізетін боламын. Қазір ең басты мақсат рейтингімді көтеру. Үлкен кездесудер өткізіп, WBC немес WBA тұжырымдары бойыншы чемпиондыққа таласу. Біздің елдің атын шығару үшін барымды саламын. Қай елде бокстаспасам да жанкүйерлер мені қолдайтынына сенімдімін. Қазақстандада кездесу өткізу жоспарда бар.

– Қазақстанда қашан кездесу өткізесің?
– Болашақта бұл сұрақ бойынша менеджеріммен ақылдасатын боламын. Мүмкін төртінші немесе бесінші кездесуімді елімізде өткізіп қалармын. Дәл қазір ештеңені дөп басып айта алмаймын.
–Монреальда қазақстандық Батыр Жүкембаев танымал болып үлгерді. Ол туралы не айтасың?
–Батыр менің үлкен ағам сияқты. Біздің қазіргі жолымызды ол осыдан үш-төрт жыл бұрын жүріп тастаған. Батырды қалыптасқан боксшы деп айтуға болады. Бұл жақта біз қазақтар азбыз. Сондықтан біз бірге туған бауырлар сияқтымыз. Бір айдың үшінде Батырмен де Абылайхан Құсайыновпен де жақын араласып кеттік. Керек кезінде көмек қолын созуға дайын жігіттер. Жаттығу барысында да білгендерін үйретуге әзір. Мен олардың кәсіпқой бокстағы жетістіктеріне қуанамын.

– Бокстағы кумирің кім?
–Кез келген спортшыда өзінің кумірі болады. Алайда мен ешкімді кумир тұтпаймын. Әр спортшыдан тек жақсы жағын алғым келеді. Нақты бір боксшы ұнайды деп айта алмаймын. Майк Тайсон, Мохаммед Али, Флойд Мейвезерлердің бәрі бокс әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра алған спортышлар. Мен де өзімнің стильімді қалыптастырғым келеді.

– Алдағы екі-үш жылдағы жоспарларыңмен бөліссең?
– Әлем чемпионы деген атақ үшін таласу. Әзірге жастар арасында үздік атансам ба деймін. Уақыт көрсетеді. Әзірге рингке көбірек шығуға тырысам. Кез келген боксшының арманы чемпиондық атақ екендігі жасырын емес. Мен де сол биіктен көрінгім келеді.