WBC президенті: Головкиннің рингке шығуына кедергі көп

WBC президенті: Головкиннің рингке шығуына кедергі көп

Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман Marca басылымына берген сұхбатында қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қарсылас табудағы қиындықтарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды<span> NUR.KZ.</span>

Сулейманның айтуынша, Головкин мен Альварес реваншының тағдыры NSAC шешімімен байланысты болады.

- Бұл 18 сәуірде шығатын NSAC шешіміне байланысты болады. Болжам бойынша, ол уақытша дисквалификацияланады. Реванштың қай кезде өтетіні сол мерзімге байланысты - 2018 жыл ма, 2019 жыл ма, - деді ол.

5 мамырда жекпе-жек өткізуге ниетті Головкиннің келесі қарсыласы жөнінде сұраққа жауап берген Сулейман Головкиннің рингке шығуына кедергілердің болып жатқанын айтты.

- Ол үшін қарсыластарының барлығы бұғатталды. Комиссиялар, промоутерлер, телевизия және бокс әлеміндегі өзге ұйымдар - олар рингке шығатын жолды жауып отыр, - деді WBC президенті.

Еске сала кетейік, Головкин мен Альварес биыл 5 мамырда реванш өткізуі тиіс болған. Алайда мексикалық боксшы екі рет допинг-тесттен өтпей қалды. Ол тыйым салынған заттардың ет арқылы түскенін айтты. Алайда наурызда Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) оны уақытша бокстан шеттетті. Альварес болса 3 сәуірде Головкинмен жұдырықтасудан ресми түрде бас тартты.

Альварестің допингке қатысты ісінің тыңдауы 18 сәуірде өтеді. Ол телефон арқылы тергеледі немесе Лас-Вегаста NSAC сұрақтарына жауап береді. Егер ол<span> </span>өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмаса, бір жылға дейін дисквалификациялануы мүмкін. Альварестің допинг-тесттен өтпей қалуы Головкиннің де жоспарына әсер етті, ол 5 мамырда жекпе-жек өткізуге ниеттеніп отыр, бірақ әлі күнге дейін қарсылас табылған жоқ.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или