«Астана» мен «Қайрат» ойыншылары неге төбелесті?
Футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші турында ел чемпионы «Астана» «Қайрат» командасын қабылдаған болатын. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Алаң қожайындары қатарынан Бахтиер Зайнутдинов есеп ашса, қонақтар сапынан Андрей Аршавин есепті теңестірген.
Төреші ысқырығы естілісімен қос қоманда ойыншылары жаппай төбелес бастаған.
Әуелде Аршавин мен Томасов сөзге келіп қалып, арты екі команда ойыншыларының жаппай қақтығысына ұласты.
Абырой болғанда төрешілер мен команда бапкерлері жанжалдың үлкен дау-дамайға ұласуына жол бермей, ойыншыларды ажыратып алды.
Жанжалдың неден басталғанын ойыннан соң «Қайраттың» ойыншысы Андрей Аршавин айтып берді:
- Кінәні өзіме ала аламын. Арқамнан доп қатты тиді. Мен оны тепкен Ласло Кляйнхайслер шығар деп ойладым. Сосын мен де допты оған қарай бағыттадым, дәл тидім (күледі). Бірақ ол маған ештеңе істеген жоқ, айтпақшы. Ал Томасов менің құлағымнан тартты. Бірден ашуландым. Ол үшін кешірім сұраймын. Осымен бәрі бітті деп ойлаймын. Не дегенмен, мен үшін бұл мәселе жабық, - деп келтіреді Аршавиннің сөзін baq.kz сайты.