RomaSport
Басқа

ШҚО-да спорттың жан-жақты дамуы жайында семинар өтуде

ШҚО-да спорттың жан-жақты дамуы жайында семинар өтуде
news-banner7
mobile-news-top

Өскеменде «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасының ақтық кезеңінің өкілдерінің қатысуымен семинар өтуде. Мұнда аймақтағы және жалпы еліміз бойынша жеңіл атлетиканың дамуы жайлы пікірлер айтылды.
Екі бөліктен тұратын іс-шарада «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасы ақтық кезеңінің Со-Директоры Андреас Хёдигер әлемдік спорт деңгейінің даму бағытын жергілікті спорттың даму моделіне қарай бағамдап, өзінің тың идеясын ортаға салды. Аталмыш семинарға жаттықтырушылар, спорт мектептерінің директорлары және ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты.


– Сізге облысы басшысы Даниал Ахметовтың атынан осындай ауқымды семинар өткізіп, маңызды ақпарат бере білгеніңізге алғысымды білдіргім келеді. Әлемдік спортта жинаған тәжірибеңізбен бөлісіп тұрсаңыз әркез қуанышты боламыз, – деді басқарма басшысы.
Мұнда бірнеше елдегі жазғы және қысқы спорттың аяқ алысы, жоғары нәтиже көрсету себебі талқыланып, жан-жақты қарастырылды. Семинардың алғашқы бөлігінде негізінен америкалық, ағылшындық спорттың моделі және жаттықтырушылардың даярлығы жайлы сөз етілді.


– Кез-келген спорт түрін алсақ, мұнда бапкерлердің өз ісін жетік білуі аса маңызды. Майнц қаласында арнайы шет елдік бапкерлерді шақыртып, біліктілігін арттыруға септігін беретін академиялық оқыту жүйесі бар. Егер де бұл елде осындай жағдай орын алса, демек спорттың қарқынды дамуына толық негіз бар, – деді Андреас Хёдигер.
Сонымен қатар, «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасы ақтық кезеңінің Со-Директоры әлемдік додаларда тұтас құрама көлемінде жоғары нәтиже көрсету үшін, ұлттық құрама мүшелерінің оқу-жаттығу жиындарында жиі бірге дайындық жүргізулері маңызды екендігін жеткізді.
Келесі бөлігінде, негізінен жеңіл атлетикадағы тұрақты дамуды қалай жүзеге асыру жайлы сөз қозғалып, семинар сараптама түрінде өтті. Естеріңізге сала кетейік, шараның бұл бөлігін де «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасы ақтық кезеңінің Со-Директоры Андреас Хёдигер жүргізді. Осы орайда Швейцариядағы жеңіл атлетиканың қазақстандық үлгімен ұқсастығын зерделеп, спорттың бұл түріне үздік деген спортшыларды көптеп тарту жайлы айтылды.
– Бізде жыл сайын балаларға арналған «UBS Kids CUP» атты жеңіл атлетикадан арнайы сайыстар өткізіледі. Бұл үш кезеңнен тұрады. Осы кезеңдерден іріктеліп өткен жас атлеттер ұлттық құрамаға алынады. Жас жеңіл атлеттер серпіліс алу үшін, олармен ірі додаларда жүлдегер атанған тәжірибелі спортшылар келіп, кеңестерін айтады, – деді «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасы ақтық кезеңінің Со-Директоры.
Іс-шара барысында швейцариялық мамандар Қазақстанда соңғы жылдары жеңіл атлетикада шынайы талантты спортшыларды іріктеу жағы бір бағытқа қойылып келе жатқандығын ерекшелігі атап өтті. Қай мемлекет болмасын, тұтас ел көлемінде спорттың дамуы жергілікті спорттан бастау алатынын алға тартты.
Семинар соңына таяған тұста ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов «Weltklasse Zurich» Гаухар лигасы ақтық кезеңінің Со-Директоры Андреас Хёдигерге спорт саласындағы маңызды ақпараттарымен бөліскені үшін естелік кәде сый табыс етті.


Ал, өз кезегінде Андреас Хёдигер де басқарма басшысына үш қарғып секіруден Олимпиада ойындарының чемпионы Кристиан Тэйлордың спорттық аяқ киімін естелікке тарту етті.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер