Теңізбаев: Елімізде спорттың дамуына деген қолдау өте жақсы
Байтақ даламызды барын салып қорғаған батыр бабаларымыздың сарқыты сынды саңлақ спортшыларымызды әркез мақтан тұтамыз. Грек-рим күресінен 2008 жылғы Бекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев та дәл біз сөз етіп отырған жақсылардың жалғасы екені сөзсіз.
Жақында сол даңқты спортшымен хабарласып, балуандық өнердің бүгінгі жай-күйі туралы сұқбаттасқан едік.
- Қырғызстан астанасында өткен Азия чемпионатын тамашалай алдыңыз ба?
- Иә, Бішкек қаласына барып көрмесем де, ғаламтор арқылы қадағалап отырдым.
- Балуандарымыздың өнеріне көңіліңіз толды ма?
- Жалпы алғанда спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. Қырғыз астанасында бақ сынаған балуандарымыздың 17-сі жүлдеге қол жеткізді. Иран, Жапония, Корея, Өзбекстан сынды күрес өнері керемет дамыған елдер арасынан мынадай нәтиже көрсету әрине жаман емес. Біздің балуандарымыз соңғы Азия біріншіліктерінде командалық есептің үздік үштігінен түспей, жақсы өнер көсетіп жүр. Осы жолғы нәтижеміз де ауыз толтырып айтарлықтай болды. Десе де, спортшыларымыздың барлығы жеңіске жеткенге не жетсін. Әлі де көп жұмыс істеу керек деп есептеймін.
- Кімдердің өнерін ерекше атап өткіңіз келеді?
- Ешкімді де бөліп-жарып айтқым келмейді. Десе де, Асхат Ділмұхаметов, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев сынды балундарымыз өте жоғары деңгейде белдесулер өткізді. Алмат Кебісбаевтің мықтылығына бұрыннан тәнтімін. Ұлттық құрамада осындай мықты жігіттердің жүруі біз үшін өте қуанышты жайт. Еркін күрестен сынға түскен Дәулет Ниазбеков үш дүркін Азия чемпионы атанды. Бұл енді өте үлкен жетістік. Сонымен қатар, Артас Санааны (Нұрислам Санаев) да ерекше айта кеткім келеді. Сырттан келсе де біздің дінді қабылдап, есімін қазақшалап, қазақтың намысын қорғап жүр.

- Шетелден легионер шақыруға қалай қарайыз?
- Егер біздің құрама әлсіз болса, шетелден жоғары деңгейлі спортшы шақыртуға болады. Біздің жігіттер мықты болса сол шетелден келген балуандарды жеңсін. Көп сөз керек емес. Қазақстанның өз ішінде, облыстар арасында ғана жеңіп жүру жеткіліксіз. Шын мықтылар өз деңгейін халықарлық бәсекелерде дәлелдеу керек.
- Бүгінгі таңда алынбас қамалдай болған ирандық баулан Хасан Яздани жайлы не айтасыз? Азамат Дәулетбековтың оны жеңуге мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсыз?
- Яздани деген әлемдік фавариттердің бірі. Иран елі күрес спортынан дәстүрлі алпауыт ел. Иранда тек таэквондо спортымен айналысатындардың өзі 500 мыңнан асады екен. Ал еркін күреспен шұғылданатындар саны одан әлдеқайда көп болуы керек. Демек, бұл елден Яздани секілді балуандардың шығуы заңдылық. Біздің елден де осындай мықтылар шығып, қарсыластарын қоғадай жапыруына тілектеспіз. Азамат Дәулетбеков Хасанмен екі мәрте белдесіп, екеуінде де жеңіліп қалды. Енді алдағы уақытта тағы жолы түйісіп жатса, жеңудің сәті түсер деп үміттенемін.
- Бішкекте Данияр Қайсенов жеңліп тұрып, соңғы минутта жеңісті жұлып әкетті. Сізше, күресте бір минуттың рөлі қандай?
- Кез-келген спортта бір минуттың емес бір секундтың рөлі өте жоғары. Төрешінің алғашқы ысқырығымен басталған күресті соңғы ысқырық естілгенше тоқтатпау керек. Бізге Жақсылық Үшкемпіров ағамыз осылай ақыл айтатын. Чемпион болғысы келген спортшы әр секунд уақытын, әр қадамын есептен шығармауы қажет. Төреші тоқтатқанша тоқтау, шаршау дегенді білмеу керек.
- Осы жолғы төрешілердің қызметі жайлы не айтасыз?
- Спорт болған соң төрешіліктен кететін кішігірім қателіктер болып тұрады. Әсіресе, өзге елде өткен жарыстарда спортшыларға оңай тимейді. Жергілікті спортшымен белдескенде қарсыласының өзімен де, қолдау көрсетуге келген жанкүйерлерімен де күресуге тура келеді. Сол үшін спортшы өзі мықты болу керек. Қарсыласынан бір бас жоғары тұрса, бір емес, он төреші оған қарсы жұмыс істесе де жеңіске жетеді.
- Осы төрешілік мәселесіне байланысты әуесқой бокстың басынан дау арылмай тұр. Егер төрешілердің жұмысы дұрысталмаса, боксты Олимпиада бағдарламасынан алып тастауы мүмкін деген де сөздер бар. Ал күрестің жайы қалай, халықаралық жарыстарда төрешілер адал қызмет атқарып жүр ме?
- Әуесқой бокстың аздап әурешілікке ұшырап жүргені шын. Бір мысал, жақында ғана Ресейде өткен WSB сериясында “Астана арландарына” жасалған қиянатты көз көрді. Бұл енді спортшы мен бапкердің еңбегін, төккен терін зая жіберу болып табылады. Әрі спортшының мансабы мен тағдырына әсер етуі мүмкін. Сол үшін әділетсіз төрешілікке аяусыз сын айтылуы керек. Дзюдо күресін ерекше атап айтқан жөн. Бұл күрес түрінде жекпе-жекке төрешілердің, бапкерлердің араласуына еш мүмкіндік жоқ. Қос споршы өзара мықтыны анықтайды. Күрес аяқталғаннан кейін ғана спортшы бапкерінің қасына бара алады. Басқа күрес түрлерін де осындай ережеге алып келе жатыр деп есептеймін.

- Күрес спортынан әлсіз ел емеспіз. Бірақ, соңғы кездері күреске деген қолдау қалай, күрестің дамуына көңіліңіз тола ма?
- Күрестің дамуына қолдау өте жақсы деп сеніммен айта аламын. Бір ғана мысал: жақында күрес федерациясы әр облысқа боз кілемдер таратты. Сөйтіп, сапалы кілемдердің ауылды жерлердегі жас балуандарды дайындап жатқан спорт залдарына дейін жетуіне мүмкіндік жасады. Сол қатарда біздің Алматы облысына да 12 кілем бөлінді. Бесеуі грек-рим күресіне, жетеуі еркін күреске арналған. Бұл дегеніңіз күресті көтеруге, жас балуандардың жағдайын жақсартуға жасалған үлкен көмек деуге болады.
Бұдан бөлек, әр ауыл-қалаларға үлкен-үлкен спорт кешендері салынып жатыр. Бұның бәрі спорттың дамуына жасалған пайдалы қадамдар.
- Рио Олимпиадасында балуандарымыз нашар өнер көрсетті. Одан бері екі жыл уақыт өтіп кетсе де сол сәтсіздіктің себебін іздеп көрсек.
- Олимпиада - төрт жылда бір өтетін, алты құрлықтың айтулы спортшылары бас қосатын бірегей бәйге. Ол жерде жүлде алу оңай емес. Тіпті, Олимпиадаға жолдама алудың өзі көп күш жұмсауды талап етеді. Олимпиададағы сәтсіздікке әртүрлі жағдай себеп болады. Бірде жеребе нашар түссе, бірде спортшының өзі бар өнерін көрсете алмай қалып жатады. Төрт жылдықтың басты додасында бағы мен бабы қатар келген спортшы ғана жүлдеге жете алады.
Өткен сәтсіздік үшін ешкімді кінәлап немесе жоқ жерден себеп іздеп ақталудың қажеті жоқ. Балуандарымыздың Олимпиадада жүлде ала алмауы бір біздің ғана емес бүкіл Қазақстан халқының өкінішіне айналған болатын. Бірақ, өтер іс өтті. Енді алдағы ірі додаларда іні-қарындастарымызға жанкүйер болу ғана қалды.

- Былайғы жұрт кейбір спортшылар деңгейі жетсе де, белгілі себептермен ұлттық құрмаға кіре алмайтыны жайлы сөз етеді. Сіздің ойыңызша бұл сөздер шындыққа жанаса ма?
- Деңгейі жете тұра ұлттық құрамаға кіре алмай қалатын балуандар бар дегенге сенбеймін. Себебі, бас командаға іріктеу қатаң жүргізіледі. Қала, облыс біріншіліктерінде, Қазақстан чемпионатында ұлттық құрамаға шақырылатын балуандар сараланады. Онда еліміздегі ең білікті мамандар қызмет атқарады. Демек, өз-өзін дәлелдей алған кез-келген спортшыға ұлттық құрамада орын бар.
- Бүгінде допинг дауы ушығып кетті. Халықаралық ірі додаларға қатысып жүрген спортшы әрі маман ретінде осының себебін айта аласыз ба?
- Мен саясаткер емеспін. Сол үшін бұдан саяси астар іздеп, себеп айтпаймын. Бірақ, осы мәселемен арнайы айналысатын ұйымдар бар. Олар өз қызметтерін адал атқарып отыр деп есептеймін. Спорттың тазалығын сақтау үшін өздерінің ереже-түзімдері негізінде дұрыс жұмыс істеп жатқан болар деп ойлаймын.
- Соңғы жылдары допингпен ұсталатындар тым көбейіп кетті. Сізше, қазіргі спортшылар тиым салынған дәрумендерге әуестеніп алды ма, әлде допингке қарсы ұйым тексеруді күшейтті ме?
- Менше бұрынғымен салыстырғанда тексеріс қатаңдады. Себебі, қазір медицина дамыды. Әртүрлі дәрумендер пайда болды. Тиым салынған препараттарды пайдаланудың жолдары да көбейді. Мәселен, бүгін бес-он келі салмақ тастаған кәсіпқой боксшы ертең шаршы алаңда сағаттап бокстасып жүр. Олардың қанша салмақ қуса да күш-қуаттарының сарқылмауының себебі медицинаның дамуында екені сөзсіз. Допинг пайдаланушылар да бар шығар. Бірақ бұл спорттың тазалығына қарсы әрекет болып табылады. Бұны айтпағанда, допинг пайдалану адам денсаулығына да өте зиянды. Осының бәрін жастар ескеріп, дұрыс бағыт ұстанады деп үміттенемін.
- Үлкен спортқа қош айтқаныңызға да бірнеше жыл болды. Мансабыңызда аз болмаған жетістікке жеттіңіз, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерісіз. Жалпы спорттағы жолыңызға көңіліңіз тола ма?
- Спорттағы жолыма еш өкпем, өкінішім жоқ. Әрине, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы болғанға не жетсін. Бірақ, мен спорттан құр қол кеткен жоқпын. Өзіме бұйырған еншімді алдым деп ойлаймын. Енді болашақ жақсы болсын деп ғана тілеймін, өткен өмірге еш өкініш жоқ.
- Сұқбат бергеніңізге көп рақмет!