Паралимпиада ойындарында алтын медаль алған алғашқы қазақстандық спортшы Александр Колядинге Қостанайдан үш бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды 24.kz сайты.
Қостанайда Александр Колядинге үш бөлмелі пәтер берілді
Паралимпиада ойындарында алтын медаль алған алғашқы қазақстандық спортшы Александр Колядинге Қостанайдан үш бөлмелі пәтер берілді. Сондай-ақ, облыс басшысы жеңімпазға жергілікті зауытта құрастырылған көліктің кілті мен 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Шаңғышының алғашқы жаттықтырушысы да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Бапкер Николай Степин 500 мың теңге иеленді. Ел мерейін асырған спортшыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі облыс өнерпаздарының фестиваліне ұласты.
Айта кету керек, 2015 жылдан бері Қостанайда мүгедектердің спорт клубы жұмыс істейді.
«Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға қалаған спортымен шұғылдануға жағдай бар. Жақында жаңа спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Жаттығудың бәрі тегін. 2015 жылдан бері облыста мүгедектер арасынан 1 құрметті спорт шебері, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 22 Қазақстанның спорт шебері дайындалды», - дейді облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бас маманы Анатолий Писковой.