Станимир Стоилов кімге сенім артады

 Станимир Стоилов кімге сенім артады

Төрт жыл қатарынан «Астананы» ел чемпионы қылған Станимир Стоилов Қазақстан құрамасына жаңа бапкер болып келді.

Бүгін біз Стоилов Қазақстан құрамасымен қандай жетістікке жете алуы мүмкін, оның командасында ойнауға кімдер лайықты деген сауалдарға жауап іздейміз.

Стоиловтың құрамасы негізінен «Астана» ойыншыларынан жасақталатыны анық. Құраманың кем-кетігін «Қайрат» ойыншыларымен толықтыратыны да белгілі. Әзірге Станимир өзге клуб ойыншыларына сенбейді.

Алты айдан соң басталатын «Ұлттар лигасына» болгар маманы бәсекеге қабілетті команда дайындап қана қоймай, Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатына алып шығуға тырысатыны белгілі. Стоиловқа жүктелген міндет те осы болуы керек.

«Ұлттар лигасында» Қазақстан құрамасы Грузия, Латвия және Андора құрамаларымен бір топта ойнайды.

Бәрі де бізбен шамалас құрамалар. Азуын айға білеген Германия, Испания, Франция сынды құрамалармен тек Еуропа чемпионатына шығып жатқан жағдайда ғана кездесетін боламыз. Сондықтан Станимир Стоиловтың алдына жүктелген алғашқы міндет өзі деңгейлес құрамалармен бәсекелесе алатын құрама дайындап шығару.

«Астана» ойыншыларынан Стоилов бірінші кезекте тәртіпті талап ететін. Ұлттық құрамада да дәл солай болары анық. Өзін жұлдыз санап, жаттығуға кешігіп немесе алаңда сылбыр қимылдайтындарға ұлттық құрамада орын жоқ.

Елордалық команда қатарында клубтың лидерлері легионерлер болды десек артық айтқандық емес. Енді Стоиловтың командасына да көшбасшы ойыншы керек. Команданы артынан ерте алатын, алаңда ғана емес алаң сыртында да бас бола алатын ойыншыға ұлттық құрама мұқтаж.

Біздің ойымызша бұл міндет «Қайрат» ойыншысы Бауыржан Исламханға жүктелетінге ұқсайды. Әрине дәл қазір Бауыржан құрама көшбасшысы болуға дайын емес. Даниямен болған Алматыдағы ойын бұған дәлел. «Қайраттың» кейбір ойындарында да алматылық команданың капитаны өзін алаңнан жоғалтып алады. Бір сөзбен айтқанда Бауыржанда тұрақтылық жоқ. Дегенмен көп еңбек ете білсе, тәртіпке бағынса өзіне деген жауапкершілікті сезінсе Бауыржан бүгінгі ұлттық құраманың нағыз лидеріне айнала алады.

Қазақстан құрамасы алаңнан голсыз кетпейтін шабуылшыға мұқтаж. Стоиловтың алдында ұлттық құрама тізгінін ұстаған Красножан да, Байсуфинов та, Бородюк та бұл олқылықтың орнын толтыра  алмай кетті. Орталық шабуылшы ретінде ұлттық құрамаға шақырылып жүрген Хижниченко мен Щеткиннің ұлттық құрама үшін соңғы рет қашан гол соққанын ұмытып та қалдық. Соңғы ойындарда Қазақстан құрамасы соққан екі голды бүгінде «Тобыл» намысын қорғап жүрген Бауыржан Тұрысбек соққан еді. Алайда Бауыржан Стоиловтың Венгрия және Болгария құрамаларымен жолдастық кездесуге шақырған ойыншылар тізіміне енбей қалды. Біздіңше болгариялық маман шабуылда «Астана» ойыншысы Роман Мұртазаевқа сенім артатын сияқты.

Қорғаныс толығымен «Астана» ойыншыларынан жасақталатын болар. Ненад Эрич бастаған қақпашыға Логвиненко, Постников, Шомко сынды қорғаушылар көмекке келуі тиіс. «Астана» қорғаушыларына тек қайраттық Гафуржан Сүйімбаев қана бәсекелес атана алады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или