Еркебұлан Сейдахметтің «Уфадағы» болашағы не болмақ

Еркебұлан Сейдахметтің «Уфадағы» болашағы не болмақ

Қазақстандық жас талант Еркебұлан Сейдахмет Ресейдің «Уфа» командасымен ұзақ жылдық келісімге отырды.

Еркебұланның башқұртстандық командамен келісімге келуі ұзаққа созылып кетті. Оған өзіндік себептері де жоқ емес. Әуелде Сейдахметтің он сегіз жасқа толуын күтті. Кейін ойыншының агенті мен клуб келісімге келе алмай, тағы біраз созбақтады. Ақыр соңында екі тарап та «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» бір келісімге келді.

Бұл қазақ футболының жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық екені даусыз. Себебі біздің қарагөздеріміз арасында шетелде доп теуіп жүргені жоқтың қасы. Ара тұра Ресей біріншілігіне барып-қайтатындары бар. Алайда олардың ешқайсысы жарытып ойнай алмай, ұзаса жарты жыл жүріп, елімізге оралып жатады. Ал Еркебұлан Сейдахмет - ендігі жерде толыққанды «Уфа» ойыншысы.

Футбол жанкүйерлері ең әуелі Еркебұлан туралы «Гранаткин турнирінде» естіген. Сол сәтте он алты жаста болған бозбала қолды аяққа тұрмай, өзінің шеберлігімен футбол мамандарының көзіне түсті. Дәл сол шақтан бастап «Қазақтың Мессиі» атанып кеткен Еркебұланға көз тіккендер қарасы молайды. Тіпті, қазақстандық жас талант ресейлік «Зенит» командасының жастарымен бірге Италияда өткен турнирге де қатысып қайтқан болатын. Жәй ғана қатысып қойған жоқ, бір ойында төрт рет мергендігімен көзге түсті. Шетелдік командада ойнауына жасы жетпегендіктен, біздің бүгінгі қаһарманымыз туған аймағына оралып, «Тараздың» намысын қорғауды жөн деп тапқан. Қазақстан Премьер-лигасында буыны қатып үлгермен Еркебұлан тісқаққан ағаларының арасында өзін жоғалтып алмады. Жарытып гол салмаса да, кей ойындарда өзін жоғары деңгейде көрсете білді.

Еркебұланның ҚПЛ-дан түсіп қалған «Тараз» қатарында қалмасы түсінікті еді. Енді, міне, жасы он сегізге енді толған қазақтың қара домалағы Ресей чемпионатында дәл қазір алтыншы орында келе жатқан «Уфа» командасымен еңбек келісіміне қол қойды.

Еркебұланның «Уфа» қатарында өткізген жолдастық кездесулердегі керемет ойыны үшін қуандық. Оның ресми ойындарға шығуын да тағатсыздана күткеніміз жасырын емес.

Ресей Премьер лигасының кезекті турында «Уфа» командасы өз алаңында «Анжиді» қабылдаған. Алаң қожайындары кездесудің алғашқы жартысында жарытып шабуыл ұйымдастыра алмай, бірінші тайм тең есеппен аяқталды. «Уфаның» бас бапкері Сергей Семак екінші таймда алаңға буыны қатып үлгермеген біздің Еркебұлан Сейдахметті шығаруды жөн деп тапты.

Еркебұлан ойынға араласуымен алаң қожайындарының шабуылы ширай түсті. «Біздің Месси» екі голдың соғылуына мұрындық болды.

Ойын соңында Семак бапкер Еркебұланның ойынын жоғары бағалады. Тараздың түлегі де жоғары деңгейде ойнау үшін әлі де көп тер төгу керек екенін тілге тиек еткен.

Сөзсіз, Еркебұлан талантқа кенде емес. Алайда сол талантын еңбекпен ұштастырып, қазақ футболшылары арасында алғашқы болып, «тыңнан түрен салған» жоғары деңгейдегі ойыншы атана ала ма? Бұл енді уақыт еншісіндегі сауал.

Біз бүгін Еркебұланның фуболдағы мансабы қай бағытта дамуы мүмкін деген сауалға жауап іздесек.

1. «Уфа» қатарында жүріп үлкен клубтарға ауысқан ойыншылар жеткілікті. Соның ең жарқын мысалы - бүгінде «Манчестер Сити» клубында жүрген Александр Зинченко. Украиналықтың бағын жаққан дәл осы «Уфа» болатын. Қазақстандық футболшы дәл осы Зинченко деңгейіне жетіп жатса да аз олжа емес. Өз сұқбаттарының бірінде ол Ресей біріншілігімен шектеліп қалмай, АПЛ-да, Испания чемпионатында ойнаған алғашқы қазақ атанғысы келетінін айтыпты. Талабыңа нұр жаусын дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

2. «Уфа» клубы Ресей Премьер-лигасында ортаңқол команда саналады. Еркебұлан осы команда сапында көшбасшы ойыншыға айналса, оған көз тігетіндердің алдыңғы легінде «Зенит», «Спартак», ЦСКА сынды ресейлік командалар тұратыны даусыз.

3. Бүгінде «Біздің балаға» Башқұртстан командасының негізгі құрам ойыншысына айналудың өзі үлкен табыс саналады. Бірнеше жылға осы командада қалып, шыңдалуы да бек мүмкін.

4. Еркебұлан Сейдахметтің болашағын бағдарлағанда тағы екі нұсқа ойға оралады. Оның алғашқысы Тараздың тағы бір таланты Бауыржан Исламхан тағдыры. Исламхан «Кубань» клубына ауысқанда бәріміз бөркімізді аспанға атқанымызбен, қуаныш ұзаққа созылмады. Жарты маусым өтпей жатып елімізге оралған Бауыржанның тағдырын Еркебұлан да қайталауы мүмкін.

5. Қазақстанда чемпиондыққа тек екі клуб таласатыны жасырын емес. Өзгелері «Астана» мен «Қайраттың» көлеңкесінде. Еліміздің таңдаулы ойыншыларын да аталған екі клубтан табасың. Ұлттық құраманың су жаңа бапкері Станимир Стойлов та осы екі клуб ойыншыларына басымдық беріп отыр. Еркебұлан қазіргі командасында тұрақтай алмаса, кейін «Астана» мен «Қайраттың» өзіне жарамсыз болып, еліміздің ортаңқол командаларының біріне оралуы мүмкін. Мәселен «Тараз»...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или