Головкин «Астана-Аренада» жекпе-жек өткізуі мүмкін
Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер мексикалық Сауль Альваресте қарсы жекпе-жектен соң GGG Қазақстанда жұдырықтасуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
— Өткен жылы ЭКСПО көрмесінің аясында Қазақстанда жекпе-жек өткізуге жақын болдық. Бірақ наурызда өткен Дэнни Джейкобс пен қыркүйек айындағы «Канелоға» қарсы жекпе-жектің арасында тым аз уақыт болды. Ол кезде біз Билли Джо Сондерспен жұдырықтасуды ойластырып жүрдік. Тамаша жекпе-жек болар еді. «Канелоға» қарсы жекпе-жектен соң Геннадий Қазақстандағы 40 мың жанкүйерді сыйдыра алатын стадионда («Астана-Арена» стадионы - авт) жұдырықтасуы мүмкін. StubHub Center-ге қарағанда бұл стадионның жабылатын шатыры бар, — деді Леффлер Periscope-тағы трансляциясында.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек 5-ші мамыр күні Лас-Вегас қаласында өтеді.