ШҚО-да шағын футболдан бірінші және екінші лиганың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды
Өскеменде футзалдан әуесқойлар арасындағы он бірінші облыстық Біріншілік аяқталуға жақын. Аталмыш сайыс Астана қаласының 20-жылдығына орай өткізілуде. Наурыздың 10 күні екінші лига командалары арасындағы ойындар өз мәресіне жетті.
Футзалдан екінші лиганың жеңімпазы атағын сарапқа салу үшін облыстың 14 құрамасы жарыс жолына шықты. Айта кетейік, осы сайыспен қатарлас жоғарғы және бірінші лиганың ойындары өтуде.

– Қазір аймақ бойынша футзал жақсы қарқын алып келеді. Жыл сайын қатысушы команда санының артып келе жатқаның көру қуанышты жайт. Спортпен қатар, білімді де алып жүрсеңіздер көп нәрсеге қол жеткізесіздер. Алдағы уақытта араларыңыздан еліміздегі белді клубтарда өнер көрсететін футболшылар шығады деп сенемін, – деді ШҚО мәслихатының хатшысы, әрі облыстық футбол федерациясының президенті Владимир Головатюк.
Жалпы, екінші лигадан бөлек, жоғарғы лигада 13 команда, бірінші лигада 14 құрама жүлде үшін сайысқа түсуде. Мұнда әр ұжым өзара екі рет кездесу өткізіп барып, жеңімпазды анықтады. Сайыс соңына қарай, жоғары ойын деңгейін көрсеткен бірқатар футболшылар арнайы марапатқа ие болды. «Күршім» командасы сапындағы Қуаныш Нұролданов «Үздік қақпашы» деп ерекшеленсе, катонқарағайлық Саян Жұмақанов «Үздік қорғаушы» атанды. Өскемендік «Кристалл» құрамасының ойыншысы Евгений Крючков «Үздік шабуылшы» деп танылды. «Ең нәтижелі ойыншы» номинациясына Ұлан ауданы «Қадыр» ұжымының футболшысы Талант Баштыбаев ие болса, ардагер ойыншы Павел Якупов өз еншісіне біріншіліктің 94 добын жазып, «Үздік сұрмерген» атағына лайық болды. Шағын футбол жарысында Катонқарағай ауданының «Жастар» және Күршім ауданының «Күршім» құрамалары салған жерден жүлдеден үміткер екендіктерін аңғартты. Облыстық футзал бәсекесінің қорытындысында өскемендік «Кристалл» командасы жүлделі үшінші орын иеленді. Тартысты ойын көрсеткен катонқарағайлық «Жастар» құрамасы 1:2 есебімен Күршім ауданының ойыншыларына есе жіберіп, екінші орынға табан тіреді. Шағын футболдан екінші лиганың жеңімпазы атағына Күршім ауданының «Күршім» командасы қол жеткізді. Қос құрама медальдар, мадақтама қағаздары және кубокпен қатар, келесі жылдан бастап жоғарғы лигада ойнауға мүмкіндік алды.

Ал, бүгін бірінші лига ойындарының қорытындысы белгілі болды. Ойын соңына қарай мұнда да үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшылар арнайы марапатталды. Өскемендік «Алтай» командасының мүшесі Евгений Чекунов «Үздік қақпашы», Абай ауданының футболшысы Аманбек Ғабитов «Үздік қорғаушы» атағына ие болды. «Аблакетка» командасының ойыншысы Александр Цветков «Үздік шабуылшы» деп танылса, қарсылас қақпасына 58 доп тоғытқан Қайрат Медетов «Үздік сұрмерген» атағына қол жеткізді. Біріншіліктің соңғы ойындарына дейін қос команда жүлделі екінші орыннан дәмелі болды. Алайда, жеңіске деген жігер таныта білген өскемендік «Алтай» командасы соңғы ойында қарсыластарын сан соқтырып, ұпай саны жағынан екінші орынға жайғасты. Нәтижесінде, жоғарғы лигада ойнау мүмкіндігіне ие болды. «Аблакетка» ұжымы үздік үштікті қорытындылады. Ал, әуесқойлар арасында екінші лиганың чемпионы атағына Абай ауданының футболшылары қол жеткізіп, бұл команда да келесі жылдан бастап жоғарғы лигада өнер көрсетпек.

Айта кетейік, сәуірдің ортасына қарай үлкен футболдан «Көктем – Алтын күз» сайысы, мамыр айында ардагерлер, қыздар командалары арасында футзалдан облыс чемпионаты, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы облыс біріншілігі өз бастауын алады.
ШҚО Дене шынықтыру және спорт
басқармасының баспасөз қызметі