Паралимпиада-2018: қазақстандықтар биатлоннан 7,5 км қашықтықта жарысты аяқтады
Бүгін Оңтүстік Кореядағы Пхенчханда жергілікті уақытпен сағат 10.00-де (Астана уақытымен сағат 07.00) биатлоннан 3 категория бойынша 7,5 шақырым қашықтыққа жарыстар басталды. Алдымен қыздар, кейін ерлер сайысқа түсті, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.
Alpensia Biathlon Centre-де өткен жарысқа Қазақстанның Ұлттық құрамасынан үш спортшы Сергей Усольцев, Александр Герлиц және Қайрат Қанафин (гид спортшы Антон Ждановичпен бірге) қатысты.
Жарысқа ел құрамасынан алғашқы болып шыққан Сергей Усольцев (арбамен жарыс) мәреге он алтыншы болып келді. Ол екінші айналымдағы оқ атуда екі рет қателесті.
Ал бұл категорияда ең үздік нәтижені америкалық паралимпиадашы Даниель Кноузен көрсетіп, алтын медаль алды. Белорусь Республикасының спортшысы Дмитрий Лобан екінші болып келді. Ал канадалық Колин Камерон қола медальға ие болды. Барлығы 20 спортшы қатысты. Ең соңғы нәтижені АҚШ-тан келген Брайан Прайс көрсетті.
7,5 шақырым қашықтықта көзі нашар көретіндер категориясында Қайрат Қанафин өзінің гид-спортшысы Антон Ждановичпен жарысқа түсті. Өкінішке қарай, Қанафин жарыстың қорытынды кестесінде соңғы орында жайғасты. Алтын медальді украиналық Виталий Лукьяненко, күміс жүлдені Белорусь елінің паралимпиадашысы Юрий Голуб алды. Үшінші орынды украиналық тағы бір Анатолий Ковалевский иемденді.