«Канело» Головкинмен жұдырықтасуға дайындалу үшін АҚШ-қа оралды
Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері Геннадий Головкинмен өтетін екінші жекпе-жекке дайындалу үшін АҚШ-қа оралды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
ESPN.com.mx басылымы таратқан ақпаратқа сәйкес, Алварес Геннадий Головкинмен өтетін екінші кездесуіне дайындықты бастап кеткен сияқты.
«Канело» жаттығу лагерін Гвадалахарадан Сан-Диегоға (Калифорния штаты) көшірді. Олар Сан-Диегода әдеттегідей дайындалып жатыр», — дейді дереккөзі.
Осыған дейін, мексикалық боксшының 17 және 20 ақпанда алынған допинг сынамаларынан тыйым салынған кленбутерол препараты табылғанын жазған болатынбыз. Ал бұған дейін әлемге танымал боксшылардың Канелоны спорттан біржолата аластау керек деген пікірлерін жарияладық.
Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес «Канелоға» қатысты допинг ісінің әділ тергелетініне күмәнмен қарайтынын мәлімдеген еді. Өз кезегінде қазақстандық боксшы Сауль «Канело» Альварестің сынамасынан тыйым салынған препараттың табылуы бокс үшін үлкен кедергі екенін айтқан.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Головкин-Альварес арасындағы жекпе-жекте жеңімпаз анықталмаған. Төрешілер тең ойын болды деп, екеуінің де қолын көтерген. Енді қос боксшы арасындағы екінші кездесу 5 мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді.
Аталған кездесуде Геннадий Головкин өзінің барлық чемпиондық белбеуін бәске тігеді. Ал Альварес өзіне тиесілі The Ring белбеуін және орта салмақтағы желілік чемпион белбеуін сарапқа салмақ.