Біздің атлеттер спорттың екі түрінен, пара шаңғы жарысы мен пара биатлоннан бақ сынайтын болады. Ел намысын алты спортшы қорғаса, олардың жанында тағы бір спортшы гид жүреді. Пхенчханға Қайрат Қанафин, оны қашықтықта сүйемелдейтін Антон Жданович, Александр Герлиц, Сергей Уссольцев, Денис Петренко, Александр Колядин және құрамадағы жалғыз қыз Жаңыл Балтабаева барды.
Жаңыл үшін бұл – екінші Олимпиада. Соңғы болған пара шаңғы жарысының қорытындысы бойынша ол үздік ондықтың қатарына кірген. Оның спорттағы ең табысты жетістігі алтыншы орын алғандығы болды. Қайсар қыздың басты мақсаты – Пхенчханда жеңіс тұғырына көтерілу. Жаңыл Балтабаева өз қарсыластарын да, өзі жарысқа түсетін жолды да жақсы біледі.
Жаңыл Балтабаева, ҚР Ұлттық паралимпиада құрамасының мүшесі:
- Енді олар да қанша жылдан бері дайындалып жатыр. Мен өзім жаттығу жасап жүргеніме төрт жарым жыл болды. Мысалы, Андреа Эскауды алайық, биыл, қателеспесем, қырық беске келеді. Оның қанша Олимпиадың бірнеше дүркін чемпионы. Трассаны көрдік, өте қиын.