Мадиғали Қарсыбеков: Олимпиадаға тыңғылықты дайындалдық
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадиғали Қарсыбеков Олимпиада ойындарына соңғы дайындығы туралы айтып берді.
- Соңғы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті?
- Жапонияда тоғыз күнге жалғасқан оқу-жаттығу жиынын аяқтадық. Ондағы мақсат жергілікті уақыт белдеуіне бейімделу болды. Тыңғылықты дайындалдық. Сонда жүргенімізде эстафета сайысына лицензия алғанымызды білдік. Алғашқы сайыс ақпанның 10-на жоспарланған. Команда өзін жақсы сезінеді.
- Эстафеталық сайысқа қатысатын қосымша екі спортшымыз қалай дайындалды?
- Ерлер толық құрамда Голландияда дайындалды. Лицензиясы болғандар Жапонияда олимпиадалық базада жаттықты. Сосын Қазақстан ҰОК-тан эстафетаға қатысатынымызды білдік. Бірден екі спортшымызды Жапонияға шақырдық. Оларда дайындықтарын пысықтады.
- Олимпиада қалашығы қалай екен?
- Келе салып аккредитация алдық. Олимпиада қалашығында орналастық. Бәрі жоғары деңгейде.
- Олимпиадалық форма туралы не айта аласыз?
- Форма өте әдемі, киім жасаған компанияда әлемге әйгілі бренд. Бізге ұнады.
Естеріңізге сала кетсек, қысқы Олимпиада ойындарында мына шорт-трекшілер ел намысын қорғайды: Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғәлиев, Денис Никиша, Еркебұлан Шамұханов, Мерсаид Жақсыбаев, Анастасия Крестова және Ионг А Ким.