Аяулым Әміренова: Олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғаудың өзі үлкен мәртебе
Оңтүстік Корея елінде жалауын желбірететін жаһандық дода — XXIII қысқы Олимпиада басталар сәт жақындап келеді.

Алты құрлықтың басын қосқан ақ Олимпиадада ел намысын қорғау үшін Қазақстан құрамасы да Корей түбегін бетке алды. Сол қатарда қазақтың қаршадай қызы Аяулым Әміренова бар. Жасы 16-ға жаңа толған фристайлшы қыздың сапарына сәттілік тілеп, сөзге тартқан едік.

— Аяулым, Алғаш рет Олимпиадаға қатысқалы отырсыз, қандай көңіл-күйдесіз, дайындық қалай?

— Шынымды айтсам қатты қобалжып жүрмін. Бірақ, өте қуанышты екенімді де айта кеткім келеді. Осындай үлкен сында ел намысын қорғау кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Сол үшін барынша жақсы дайындалып жатырмын.

— 9 ақпанда жарыс жолына шығасыз, Кореяға қашан аттанасыздар?

— 2 ақпан күні кешкі сағат 10 да Сеулге ұшамыз.

— Олимпиада алдындағы соңғы дайындығыңызды қайда пысқтап жүрсіз?

— Олимпиадаға дейін Өскемендегі «Алтайские Альпы» демалыс базасында және акробатикалық спортзалда дайындалдым.

— Олимпиадада алдыңызға қандай меже қойып отырсыз?

— Ең басты мақсатым жақсы нәтиже көрсету. Жаттығуларымды қателіксіз орындап, ел үмітін ақтасам деймін.

— Фристайл қайсарлықты талап ететін қиын спорт түрі. Сізді қандай ерекшелігімен қызықтара алды?

— Мен кішкентай кезімнен шаңғы спортын жақсы көретінмін. Оған деген қызығушылығым ерекше. Бұл спортта маған ең ұнайтыны ауада ұшқан кездегі еркіндік сезімі. Фристайл ауыр спорт болғанымен, асқақ Алтайдың асқар шыңдары адамды батылдыққа бастайды.

— Алдыңызға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

— Болшаққа деген жоспарым көп. Ең басты мақсатым — Олимпиада ойындарында алтын медаль алу. Бүгінде мен Өскемендегі «Спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп- интернатының» 11 сынып оқушысымын. Келесі жылы Алматыға оқуға түссем деп жоспарлап жүрмін.

— Елімізде қысқы спорттың жағдайы қалай деп ойлайсыз?

— Он жыл бұрын қысқы спортпен айналысатындар саны аз болатын. Ал қазір қысқы ойындарға қызығатындар қатары артып келеді. Халықаралық жарыстарда жүлдеге қол жеткізіп жатқандар да көп. Меншіңше, елімізде қысқы спорт жақсы дамып келеді.

— Осы кезекті Олимпиадада ел құрамасының мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

— Мен ел спортшыларының жақсы өнер көрсететініне сенімдімін. Бәріне сәттілік тілеймін! Олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстанның намысын қорғаудың өзі үлкен мәртебе.

— Сұқбат бергеніңізге рақмет! Жеңісті сәттеріңіз көп болсын!