Жанбота Алдабергенова: Ақ Олимпиадада қарсыластарымның осалы жоқ

Жанбота Алдабергенова: Ақ Олимпиадада қарсыластарымның осалы жоқ

Санаулы күндерден соң көптен күткен ақ Олимпиада ойындарының алауы жанады. Корей елінде өтетін дүбірлі додаға спортшыларымызды Алматы қаласында салтанатты түрде шығарып салды.

XXIII қысқа Олимпиада ойындарында ел үміт артып отырған спортшылар жетерлік. Солардың бірі – фристайлдың акробатика түрінен өнер көрсетіп жүрген Жанбота Алдабергенова. Алматыда өткен Универсиадада қола жүлдемен көзге түскен спортшы қызымыз Олимпиадаға даярлығымен бөлісті. 

- Олимпиадаға дайындық жақсы. Бірер күннен соң дайындығымызды пысықтау үшін Красноярск қаласына бет аламыз. Олимпиада алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Өзіміздің секіріп жүрген элементтерімізді пысықтап, қателіктерді түзеп Олимпиадаға аттанамыз.

- Соңғы Сочи Олимпиадасынан бері жаттығуыңда өзгеріс енді ме?

- Иә, бағдарламам қиындай түсті. Басқа элементтерді үйрендім. Сочи Олимпиадасынан бері төрт жыл уақыт өтті. Одан бері деңгейім көтерілді.

- Пхенчхан Олимпиадасындағы басты қарсыластарыңыз кім деп ойлайсыз?

- Олимпиадаға «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар» ғана қатысады. Сол себепті ақ Олимпиадаға бара жатқан қарсыластарымның бәрі мықты. Осалы жоқ. Дегенмен Австрия мен Норвегия спортшыларын атап өтер едім, - деді Жанбота.

Айта кетейік, 23 қаңтар күні Алматыда Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков санаулы күндерден кейін байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі.

Қысқы Олимпиада ойындарына екі аптадан астам уақыт қалды. Пхенчханда қазақстандық спортшылар әзірше бес спорт түрінен 34 жолдама жеңіп алды. Олимпиада ойындары екі кластерде орналасқан 12 спорт нысанында өтеді.

Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 9 мен 25 аралығында өтеді. Ашылу салтанатында еліміздің көк туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или