Бокс/Күрес/ММА

Арман Оспанов: UFC-дің белді файтерлерімен бірге жаттықтым

Арман Оспанов: UFC-дің белді файтерлерімен бірге жаттықтым
news-banner7
mobile-news-top

Еліміздің бетке ұстар файтері Арман Оспанов 23 желтоқан күні Мәскеуде АСВ77 турнирі аясында ресейлік Алексей Полпудниковпен жекпе-жекке шығады. Ертеректе Арманнан нокаутпен ұтылған ресейлік спортшы жеңістен дәмелі. Prosports.kz тілшісі биылғы жылдың қорытынды турнирі алдында «Сұңқармен» аз-кем әңгіме өрбітті.


- Алдағы жекпе-жекке дайындығыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Жарақаттан амансыз ба?


- Алдағы айқасқа АҚШ-тың Нью-Мехико штатында орналасқан «JacksonWink ММАacademy» залында дайындық өткіздім. Карлос Кондит, Каб Свонсон сынды UFC-дің белді файтерлері спарринг серіктес болды. Өзімнің америкалық диетологоммен жұмыс істедім. Жалпы алғанда лагерь жақсы өтті. Жарақаттан аманмын. Өткендегі олқылықтың орнын толтыру үшін өзімді қайрап, алдағы кездесуге ерекше жігерленіп бара жатырмын.

- Өткен жекпе-жек демекші...

- Ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді. Ол кезде кәсіби спортшы ретінде үлкен қателік істедім. Жарақат бар екенін біле тұра тәуекел етіп жекпе-жекке шықтым. Кейін бұл сабақ болды. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Өмірдің өзі бірде қыр, бірде сай әрдайым біркелкі емес.

- Алексей Полпудниковпен соңғы рет 2013 жылы кездесіп, нокаутпен жеңіске жеттіңіз. Сол төрт жылдың ішінде қарсыласыңыз бірнеше айқас өткізіп, жеңіліссіз келеді. Тәжірибе жинап, АСВ ұйымының белді файтеріне айналды. Алексейді қаншалықты зерттедіңіз және кездесуде тактика қандай болады?

- Қазіргі таңда спорт пен экономика қатар даму үстінде. Ертеңгі күні не боларын білмейміз. Иә, өзіңіз айтқандай, Алексеймен 2013 жылы Ресейде кездестік. Арадағы төрт жыл көлемінде оның тәжірибесі артты. Біздің жекпе-жектен кейін 15 кездесу өткізіп барлығында жеңіске жетті. Алайда, соңғы жекпе-жегім болмаса, сол төрт жыл ішінде менде де ілгерілеу бар. Әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы атандым, қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатын ұттым, ережесіз жекпе-жекте бес кездесуде жеңіске жеттім. Тактикаға келсек, дистанцияда жұмыс істеймін. Жақын қашықтықта айқассақ та күреске жақсы машықтанғанмын. Сол себепті алдағы турнирде кімнің қаншалықты дайын келгенін көреміз.

Фото: Олег Спивак

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер