Алматыда «Еуразия Барысы» жарысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді

Алматыда «Еуразия Барысы» жарысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді

Желтоқсанның 15-і күні, сағат 11.00 «Айсер» қонақ үйінде қазақ күресінен «Еуразия Барысы» әлем Кубогына арналған баспасөз мәслихаты мен салмақ өлшеу рәсімі өтеді, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық хаб.

Әр елден сайдың тасындай сайланып шыққан балуандар қаламыздың ең көрікті нысандарының бірі - Almaty Arena спорт кешенінде, желтоқсанның 16-ы күні «Еуразия барысы» әлем Кубогында белдесіп, бақ сынасатын болады.

Бұған дейін халықаралық турнир ретінде өткен жарыс осымен бесінші рет жалауын желбіретпек. Үш жыл Тараз қаласында ұйымдастырылған «Еуразия Барысы» биыл екінші рет оңтүстік астанада өткізіледі. Жыл сайын дәстүрлі жарысқа Грузия, Моңғолия, Ресей, Польша, Түркия, Қырғызстан және тағы басқа көптеген елдің білекті балуандары өзара мықтыны анықтайды. Соның ішінде Қазақстан құрамасы аталмыш командалық жарыста үш рет топ жарды, тек 2014 жылы ғана Моңғолия құрамасы қарсылас шақ келтірмеді.

Биыл «Еуразия Барысына» Бразилия, Жапония және Камерун елдері тұңғыш рет қатысады. Ал, бірнеше рет жүлдегерлер қатарынан табылған Моңғолия мен Грузия командалары қазақ күресінен тәжірибелері мол. Сонымен қатар, жарысқа Өзбекстан, Түркия және Қазақстанның қос командасы бақ сынайды.

Қатысушылар арасында нәтижелі спортшылар аз емес. Самбодан әлем чемпионы Паата Гвиниашвили (Грузия), Д.Алтангерел Моңғолияның ұлттық күресі бойынша «Арыстан» атағының иегері, биыл Астанада өткен қазақ күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Р.Сонмес (Түркия), қазақ күресінен көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері және кураштан әлем чемпионы Мухсин Хисомиддинов (Өзбекстан), дзюдодан Жапония чемпионы К.Танию және тағы басқалары.

Қазақстан командасы биыл екі құраммен боз кілемге шығады. Балуандар Алматыда екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Жиын қорытындысы бойынша бапкерлік кеңес «Еуразия Барысына» қатысатын спортшыларды анықтайды.

 

Өткізу орны: «Айсер» қонақ үйі, Сәтбаев көш-сі, Байтұрсынұлы к-сі бұр.к.

Өткізу уақыты: сағат 11.00



Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или