Нұралинов: Еламан еліміздің белді балуаны. Оны ұтқаныма қуаныштымын
Алматыда Конфедерация кубогы өз мәресіне жетті. Қазақ күресінен Алматы қаласы спорт клубының балуандары іріктеу кезеңнен сүрінбей өтіп, финалдық кезеңге жолдама алған болатын. Ақтық айқаста алматылықтар Қарағанды облысының боз кілем шеберлерімен күш сынасып, жеңіске жетті. Шешуші белдесуде Еламан Ерғалиевті тізе бүктірген Дәурен Нұралинов prosports.kz тілішісіне жарыстан алған әсерімен бөлісті.

- Дәурен, жеңіс құтты болсын! Шешуші айқаста соңғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы Еламан Ерғалиевті ұтып, Алматы қаласына жеңіс сыйладың. Финалдық белдесу қалай өтті?
- Рахмет! Кездесу өте қиын болды. Командаластарым маған үлкен үміт артты. Оларды «жерге қаратпау» үшін барымды салып күрестім. Кездесуде белсенділік таныттым. Жаратқанның қалауымен жеңіске жеттім. Еламан еліміздің белді балуаны. Оны ұтқаныма қуаныштымын.
Конфедерация кубогына дайындық аясында бапкерлермен үлкен жаттығу өткіздік. Соның арқасында жеңіске жетіп отырмыз. Айта кетерім, бұл менің ғана жеңісім емес. Басшылар, бапкерлер мен командаластарымның елеулі еңбегі.
- Еламан Ерғалиевпен бұған дейін кездестің бе?
- Ия, соңғы рет дзюдодан өткен жарыста кездестік. Өкінішке қарай, ол белдесуде мен жеңіліс таптым. Осы жолы есемді қайтардым.
- Дзюдо демекші, кеше дзюдодан да өнер көрсеттің. Азулы Қарағанды облысының татами шеберлерін ұтып, финалға жолдама алатын мүмкіндік те болды. Бір күнде екі сайыс бойынша белдесу қиынға түспеді ме?
- Әрине, қиынға түсті. Кешегі жарыста есе жібергенім өкіншіті. Бір ескертумен ұтылдым. Сол себепті, келесі жарыстарда қазақ күресі мен дзюдодан шеберлігімді шыңдап, ынталана жаттығамын.
- Дәурен, бір жыл болды Алматы қаласының намысын қорғап жүрсің. Қазақ күресінен көптеген жарыстарда «түйе балуаны» атағына ие болғанымен «Қазақстан барысы» жарысында жолың болмай жүр. Ал сын айтқыштар арасында «Шығыс Қазақстаннан мықы деп алып келген Дәурен өзін дәлелдемеді» деендер де болды...
- Бұл жеңіс маған қосымша жігер берді. Көкейімде бір ауыртпашылық сезім болды. Спорт болған соң сын айтылады. «Сын айтылмай, мін түзелмейді». Болашақта ерінбей тер төгіп, спорт сүйер қауым мен жанкүйерлерді қуантуға барымды саламын.
- Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы жарыстарда жартақан жар болсын!
Фотолар: Олег Спивак