Ержан Шынкеев: Жансай мен Ислам күтпеген жерден ұтылды
Алматыда Конфедерация кубогы өз мәресіне жетті. Іріктеу кезеңнен сүрінбей өтіп, финалдық кезеңге жолдама алған командалар спорттың алты түрі бойынша сайысқа түсті. Дзюдодан кубоктың басты фавориті саналған Қарағанды облысының командасы финалда Ақтөбе облысының құрамасын тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Құрамында белді балуандар жиналған қарағандылық команданың көшбасшысы Ержан Шынкеев жарыстан соң өз әсерімен бөлісті.
- Ержан, жеңіс құтты болсын! Финалдық кездесу қалай өтті?
- Рахмет! Финалдық кездесуде өзіңіз көргендей айқын басымдықпен жеңіске жеттік. Ақтық айқас алдында ерекше рухтанып шықтық. Жеңіске жететінімізге сенімді болдық. Себебі командамыздағы бес спортшының үшеуі Олимпиада ойындарының қатысушысы. Ол командамыздың мықытылығының дәлелі.
- Былтыр финалда сүріндіңіздер...
- Ия, өткен жылы екінші орын алдық. Өкіншке қарай, ол кезде Қарағанды облысының құрама командасы толық жиналмады және спортышларымыздың дайындығы да дұрыс болмады . Ал осы жылғы Конфедерация кубогына ерекше көңіл бөліп, арнайы дайындалып келдік. Алға бірінші орын аламыз деген мақсат қойдық.
- Жартылай финалда Алматы қаласының құрамасына қарсы өткен кездесу қиынға түскен сияқты?!
- Алматы қаласына қарсы жүйке тоздырар кездесу болды. Біздің жеңіске жету керек болған спортышларымыз күтпеген жерден ұтылды. Жансай Смағұлов пен Ислам Бозбаевтар қарсыластарын еш қиындықсыз ұтады деп ойладық. Спорт болған соң бірде бап, бірде бақ шабады. Барлығы жаратушының қолында ғой. Есеп екі де екі болып, шешуші айқас өзіме түсті. Қарсыласымды бұған дейін де ұтқанмын. Сол себепті жеңіске жететінімді іштей сездім.
- Сұқбатыңызға рахмет!

Естерңізге салайық, Қарағанды облысының құрама командасы дзюдодан 2017 жылғы Конфедерация кубогының иегері атанды.