Қанаттың қарсыласы немесе жай ғана «Phenom»
Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның келесі қарсыласы американдық Джон Вера болуы мүмкін.
Бұл шешімді WBA ұйымы қабылдаған болатын. Қос боксшыға келісімге келуге бір ай уақыт берген. Қай жеңгені WBA Super белбеуіне үміткер атанбақ. Ал бұл белбеу даңқты кубалық боксшы Эрисланди Лараға тиесілі.
Қанаттың қарсыласы атанып қалуы мүмкін Джон Вера айтарлықтай танымал боксшы дей алмаймыз. Бірақ ол Қанат сияқты кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татпаған екен.
Boxrec рейтингінде Вера 68-ші орында тұрса, WBA рейтингінде екнші орынға жайғасқан(Қанат бұл рейтингіде бірінші орында). Дәл осы себепті WBA ұйымы қос боксшының кездесуін талап етіп отыр.

«Phenom» лақап атымен танылып келе жатқан Джон бүгінге дейінгі кездесулерінің бірде-бірінде ауыз толтырып айтарлықтай қарсыласпен кездеспеген(Қанаттың да қарсыластарын жоғарғы деңгейлі боксшылар санатына жатқызы алмаймыз). Джон Вера үшін қазақстандық боксшылар таңсық емес. Екі жыл бұрын қазақстандық Радмир Ахмадиевпен кездескен Джон қарсыласын ауыр нокаутқа түсірген екен. Ал ол кезде Радмир болашағынан үлкен үміт күттірген боксшы санатында болатын.
Вера солақай, соққысы да жаман емес. Сонымен қатар Қанатқа қарағанда бойшаңдау. Бүгінгі дейін өткізген 18 кездесуінің он бірінде нокаутпен жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жегін осы жылдың тамызында өткізіп, нигериялық Сандей Аджувты техникалық нокаутпен жеңген.
Егер екі боксшы келісімге келіп жатса кездесу алдағы жылдың ақпанында немесе наурызында өтуі мүмкін.
Сөз жоқ Қанат үшін де Джон үшін де бұл кездесу спорттық мансабындағы ең үлкен сынақ болары анық. Оның үстіне жеңіске жеткені атақ даңқы асқақтаған боксшылармен кездесіп, титулдық жекпе-жек өткізуге жол ашады. Бір сөзбен айтқанда бұл кездесуді өткізуге екі боксшы да мұқтаж.