русский язык
Бокс/Күрес/ММА

«Найман»: Менің сөздерім трэш-ток емес ащы шындық

«Найман»: Менің сөздерім трэш-ток емес ащы шындық
news-banner7
mobile-news-top

Fight nights global мен Alfa fighting championship промоушендері бірлесіп ұйымдастырған турнир өз мәресіне жетті. Жарыстың басты жекпе-жегінде жерлесіміз Қуат «Найман» Хамитов ирландиялық Питер Куиллиді тізе бүктіріп, жанкүйерлерге қуаныш сыйлаған. Бес раундқа созылған айқастан кейін Хамитов prosports.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, әсерімен бөлісті.


- Қуат, жеңіс құтты болсын! Кездесуге дайындық қалай өтті? Жекпе-жек қиын болған сияқты ғой?!

- Рақмет. Жекпе-жекке дайындығым жақсы болды. Кездесу алдында қарсыласым салмақ түсіруден бас тартты. Сондықтан осы жолы 70 келі емес 75 келіде айқасуға тура келген. Ұйымдастырушылар «75 келіде шығасың ба?Егер шықпасаң кездесуді болдырмаймыз» деді. Ал менің салмағым 75-ке сәл жетпей тұрды. Не болса да нар тәуекел деп, айқастан бас тартпадым. «Жігіт - елдің ұлы, намыстың құлы» демекші, халықтың алдында намысқа тырысып, мерейді асқақтатуға бел будым. «Алматы Арена» спорт сарайына жиналған он мың жанкүйердің қолдауы жігер берді.

- Айтапақшы, салмақ өлшеу рәсімінде қазақ ММА жайында аз-кем сөйледіңіз...

- Жекпе-жекте жүрген қазақстандық спортшыларды қарасаңыздар барлығы өз күшімен шығып жатыр. Мен спортта жүргеніме 15 жыл, аралас жекпе-жекпен айналысқаныма алты жыл болды. Осы алты жыл бойы маған бір де бір адам көмектескен емес. Өз күшімізбен әлемдегі үздік промоушендарда өнер көрсетіп, намысты қорғап жатырмыз. Айтайын дегенім, мен үкіметке қол жайып отырған жоқпын. Одан қайта із басып келе жатқан жастарға қолдау көрсетілсе екен деп тілеймін. Әлі-ақ жер-жаһанды мойындатамыз. Себебі жауынгерлік қасиет қанымызда бар.

- Ешкімнен көмек болған жоқ дейсіз. Меценат Бауыржан Оспанов ағамыз ше?

- Бауыржан Оспанов құрметті ағамыз. Ол кісімен кездесіп сөйлескенде маған «Қуат, сен бауырымсың. Қандай көмек болсын, қол ұшымды беруге дайынмын» деп айтқан. Қазіргі таңда ауылдың балалары маған хат жолдап қиыншылықтары туралы айтады. Мен оларды жақсы түсінемін. Бәріміз ауылда өстік. Мен де жарысқа бару үшін ақша таппай, көршілерден қарыз алатынмын. Бір күні бапкерім жаттығуға төлейтін ақшам жоқ екенін көріп былай деген: «Қуат, сенің аянбай тер төгіп жүргеніңді байқадым. Бұдан былай ештеңе төлемей-ақ қой. Сен осы түбінде бір жерді жарып шығасың». Сондықтан ешкімнің көмегіне жүгінбей чемпион атануды көздедім.


- Naiman team жайлы айтып өтсеңіз. Болашақта жастарды аралас жекпе-жекке дайындайтын клуб немесе спорт орталығын ашу жоспарда бар ма?

- Naiman team деген жеке менің командам. Өзімнің спарринг серіктекстерім, бапкерлерім, пиар менеджерім бар. Mysterions тобындағы Дилен деген жігіт. Сонымен қатар, Қытайда Александр Смирнов деген менеджерім бар. Флойд Мейвезердің Money team деген командасы бар ғой, сол секілді брэнд қалыптастыруды мақсат етем. Болашақта ауылға барып әр қазақтың баласы тегін жаттығатын спортзал ашуды көздеймін.

- Әлеуметтік желіде белсендісіз. Үкіметті және отандық футболшыларды талай рет сынадыңыз. Кейбіреулер сізді трэш-ток айтудың шебері деп ұнатпайды.


- Көпшілікке шындық айтқан адам ұнамайды. Менің айтатыным трэш-ток емес – ащы шындық. Қазақтар бір-бірін даттайтындай саны 40-50 миллионға жеткен жоқ. Бар жоғы 7-8 миллионбыз. Маған ұнамайтыны неге қазақтар жақсы өмір сүрмейді? Неге елімізде көп нәрсе дұрыс емес? Жалпы айта берсең қоғамда мәселе көп. Соның барлығы жүрекке батқан соң айтамын. Футбол туралы сөйлесем де бұл халқыма жаным ашығаннан. Себебі осы спорт түріне жыл сайын 150 миллиион АҚШ доллары бөлінеді. Аяқдопшылар үмітті ақтап жатса бір жөн, ештеңе айтпас едім. Алайда, бұл ақша ауаға кетіп жатыр. Меніңше, қаржыны ауыл спортын дамытуға бағыттау керек. Солардың арасынан өзіміздің қара домалақ бауырлар ертең чемпион болып щығады деп ойлаймын. Менің сөздерімді дұрыс түсінген адамдар болса, олар мен жайлы жаман ойлап, сүрінгенімді қаламас еді.

- Сіздің жазбаларыңыз спорт саласындағы біршама өзгеріске мұрындық болды... Тіркеу мәселесін мысалға келтірсе болады.


- Әрине, өз септігін тигізіп жатыр. Тіркеу бір аптадан бір айға ұзартылды. Өскеменде футболшылардың жалақысы қысқартылған. Спортта ротация пайда болды. Мақтанғаным емес, әр қазақ бір-бірін туыс көріп, кеңес айтуға тиісті. «Күш - бірлікте».

- Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жекпе-жектерде тек жеңістер тілейміз!

Фотолар: Олег Спивак

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;