Айдос Сұлтанғали - жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері
Польшаның Быдгощ қаласында тұңғыш рет күрес түрлерінен жастар арасындағы (U-23) әлем чемпионаты өтуде.
Әдеттегідей жарыстың бірінші күн грек-рим күрес шеберлері сайысқа түсті. 59 келіде ел намысын қорғаған Айдос Сұлтанғали қола иеленді. Қызылорда өңірінің тумасы алжирлық Абденур Лауниді – 9:0, америкалық Джеймс Робертсті – 10:4 және венгриялық балуан Эрик Торбуды – 5:4 есебімен ұтты. Өкінішке қарай, жартылай финалда осы жарыстың жеңімпазы жапониялық Мацуто Каванадан 5:6 есебімен ұтылды. Алайда, жерлесіміз қола медаль үшін күресте болгариялық Августин Боянов-Спасовты ойсырата жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Айта кететін жайт, Айдос грек-рим күресінен қазақстандық балуандар арасында жүлдеге іліккен жалғыз спортшы болды. Жерлесіміз қола медаль үшін күресте болгариялық Августин Боянов-Спасовты жеңді.
Естеріңізге салайық, чемпионат 26 қарашаға дейін жалғасады. Бейсенбі күні әйелдер ал жұма күні еркін күрес шеберлері бағын сынайды.
Фото: Вконтакте желісіндегі «топжарғандар» парақшасынан