Қазақстандық шаңғышылар Скандивания тұғырын бағындыруда
Скандинавия елдерінде Қазақстанның шаңғы жарыстары бойынша Ұлттық құрама мүшелері Халықаралық шаңғы федерациясының ұйытқы болуымен өтіп жатқан жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуде.
2017-2018 маусымының лицензиялық жарыстарындағы табысты өнер көрсетулер 2018 жылдың ақпанында Кореяда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына қатысушылардың тізімін анықтайтын болады. Бүгінде қазақстандық спортшылар Финляндияның Муонио және Саареселькеде, сондай-ақ шведтік Геллевареде өткен 3 FIS-старттарында табысты өнер көрсетті.
«Қазіргі сәтте үздік көрсеткіштер құраманың жетекші спортшылары – Алексей Полторанин, Сергей Малышев, Евгений Величко, Иван Люфт, Анна Шевченко, Ирина Быкова, Гүлсина Қадырова, Анастасия Хмельницкая еншісінде. Қазір біз спортшыларымыз бен олардың жаттықтырушылары жүргізген орасан зор жұмыстың нәтижелерін көрудеміз. Егер өткен маусымның ұқсас жарыстарындағы өнер көрсетулерін салыстырар болсақ, нәтиже бірнеше есе жақсарған. Бұл жолғы маусым Олимпиадалық, сондықтан аса жауапты, біздің қыз-жігіттер берілген ойын қарқынын орындап қана қоймай, оны жоғарылатады деген үміттеміз» – деп өз ойымен бөлісті ҚР Шаңғы жарыстары бойынша Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Александр Батяйкин.
Шығыс Қазақстан облысынан шыққан жас спортшы Иван Люфт «Юниорлар» тобында жарыс тұғырынан бірінші орыннан көрінді. Оның қашықтықты жүріп өтудегі жылдамдық көрсеткіші Норвегия, Швейцария, Швеция, Жапония, Ресей елдерінің юниорларының көрсеткіштерінен ғана емес, сондай-ақ, әлемнің ересек санатындағы аты танымал шаңғышыларының көрсеткіштерінен де асып түсті.
Соңғы жылдары шаңғы жарысындағы ерекше бір жаңалық ретінде талантты спортшы және Павлодардан шыққан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Шевченко танылып отыр. Оның Алматыда өткен Қысқы Универсиада – 2017-дегі үздік өнер көрсетілімдері Қазақстан қоржынына алтын, күміс және үш қола медальдарын әкелді. Финдік Саареселькедегі 10 км қашықтықты құрайтын классикалық және еркін жүру жарысында Анна «күмісті» және «қоланы» жеңіп алды.
Қыздар арасындағы жарыста Анастасия Хмельницкая мен Гүлсина Қадырова Ұлттық құрама қоржынына бір-бір «алтыннан» әкеліп салды, мұнымен қатар Анастасия 1 км қашықтықтағы спринтте «күмісті» жеңіп алды.
Александр Мухин «Юниорлар» тобында 10 км қашықтықта классикалық стилде, Украина құрамасының мүшесі Андрей Орликке барлығы 6 секундқа есе жіберіп, екінші орыннан көрінді.
10 км қашықтықта еркін стильде Анжелика Тарасова әйелдер тобының «Юниоркалар» санатында «күмісті» қанжығасына байлады.
24 мен 26 қараша аралығында Рука қаласында ерлер тобының 4 спортшысы мен әйелдер тобының 3 шаңғышысы Әлем кубогының Бірінші кезеңіне қатысатын болады. Ұлттық құраманың қалған мүшелері финдік Куусамода өтетін параллельдік жарыстарда өнер көрсетпек.