Ермек Имамбеков: Әлем чемпионатында әділетсіздік жасалды

Ермек Имамбеков: Әлем чемпионатында әділетсіздік жасалды

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Ақтөбедегі ел чемпионаты жайлы ойын айтып, 2017 жылды қорытындылады және алдағы уақытқа жоспарларымен бөлісті.

- Чемпионат үлкен дәрежеде өтті. Залды, оның безендіруін көріп отырсыздар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дзюдо сынды спорт түрлерін өткізу үшін бұл спорт сарайын салып берді. Төрешілер де әділетті.

Қазақстан құрамасына алынатын жігіттерді іріктеп алдық. Бәрі тізімге жазылады. Жүлделі орын алған дзюдошыларды халықаралық жарыстарда, Гран-При, Үлкен дулыға турнирлерінде байқап көреміз. Ең жақсы нәтиже көрсеткендерін, әлем біріншілігіне, Азия ойындарына қоямыз.

- Биылғы жылды қорытындылап өтсеңіз? Құраманың көрсеткішіне қаншалықты баға бере аласыз?

- Жыл біз үшін оңай болған жоқ. Ганконгтағы Азия чемпионатынан бастадық. Үш дзюдошы финалға шығып, бір жігітіміз (Максим Раков – Авт.) алтын медаль жеңіп алды. Ислам Бозбаев пен Елдос Жұмаханов күміс медаль еншіледі. Жансай Смағұлов қола медальға қол жеткізді. Кейін Тайпейде өткен Бүкіләлемдік Универсиада ойындарына қатыстық. Бұл жарыста Рустам Ибраев пен Бекежан Шәймерденов үшінші орынға табан тіреді. Ал әлем чемпионатында қола медаль аламыз деп ойлаған едік. Елдос Сметов жарақатынан айығып үлгермеді. Қырғызбаев жақсы күресіп еді, төрешілер әділетті болмады. Ұтып тұрған жерінен, вазариді алып тастады. Әйтпесе, бұл әділетсіздік болмаса, жүлделі орын алатын жігіт еді.

- Ал басқа спортшыларымыз неге жүлде ала алмады?

- Әлем чемпионаты алдында Бурабайда оқу-жаттығу жиынын өткізгенбіз. Раков күтпеген жерден жарақат алып қалды. Ал қалған жігіттердің жолы болмады. Сәттілік жетіскен жоқ. Бірақ дзюдошылар талмай еңбек етті. 

- Жанкүйерлердің көбі Сметов Рио Олимпиадасынан кейін бәсеңдеп қалды деген пікірде. Оған не болды?

- Оның жарақаты бар еді. Сәл демалса, жазылады деп ойладық. Бірақ жұмыс жасай бастағанда, бұл жарақаты қайта шықты. Сондықтан, сәуірде оған ота жасалды. Осы ел чемпионатының алдында Германияда оның екінші аяғына ота жасалды. Қазір қайта қалпына келу жұмыстары болып жатыр.

- Енді қашан толық айығады?

- Тек келесі жылдан бастап жарыстарға қатысады.

- Келесі жыл деп қалдыңыз. 2018 жылы қандай жоспарлар бар?

- 2018 біз үшін өте қиын жыл болмақ. Төрт жылда бір өтетін Азия ойындары бар. Әлем чемпионаты да күтіп тұр. 2014 жылғы Азия ойындарында өз тарихымызда алғаш рет чемпион атандық. Сметов алтын жүлде алса, Раков күміс медальді қанағат тұтты. Азамат Мұқанов үшінші орын алды. Ал командалық кубокта екінші орын алдық. Сол кезде жапондардың бапкері Иное Хасенің айтқаны ұмытылмайды: «Біздің ұлттық дзюдо спортымыздың әлемде дамып жатқанына қуанамын. Әсіресе, қатты дамытып жатқан – Қазақстан. Қазақтар бізден бір қадам алда тұр» деп айтты. Келесі әлем чемпионатында медаль алуға тырысамыз. Рио Олимпиадасында күміс алдық. Енді Токиода Олимпиада чемпионы боламыз деп үміттенемін.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или