Даулетхан Жақыпов: Қазақстан Барысынан көрі ел чемпионаты қиын
Дзюдодан 2017 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан чемпионатында 90 келі салмақта топ жарған Даулетхан Жақыпов жарыстан соң Prosports.kz тілшісіне өз әсерімен бөлісті.
- Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті. Өйткені, бұл Токио Олимпиадасы алдында ұйымдастырылған алғашқы біріншілік қой. 90 келіге дейінгі салмақта сынға түскен балуандардың бәрін жақсы танимын. Енді «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді ғой. Бабын келістіріп әкелдім деп ойлаймын. Жеребе кезінде бірінші болып Гран-Прилерде және Азия чемпионатында топ жарған Ислам Бозбаевпен түстім. Қиын жекпе-жек боларын білдім. Бірақ таза жеңіске жеттім. Финалдағы қарсыласым (Айбол Айтбек – Авт.) да осал болмады.
- Сен Қазақстан Барысында да бақ сынадың. Бүгін дзюдодан ел чемпионатында өнер көрсеттің. Осы екі жарыстың қайсысы қиын деп ойлайсың?
- Мен үшін, әрине, дзюдодан ел чемпионаты қиын. Мысалы, Қазақстан Барысында күресесің, одан кейін үлкен жарыс жоқ. Ал чемпионатқа бәрі толық дайындалып келеді. Себебі чемпион болсаң, әлем және Азия біріншілігіне қатысасың. Одан қалды, әр спортшының арманы – Олимпиада ғой. Бұл жарыстарға ілігу үшін ел чемпионатында топ жару керек.
- Сен үшін биылға жарыстар бітті ме?
- Алда қазақ күресінен Конфедерация болады. Бұл жарыс Шымкентте 26 қарашада өтеді.
- Халықаралық жарыстар жоқ па?
- Құдай қаласа, халықаралық жарыстар келесі жылдан басталады. Ақпанда Германиядағы Гран-Приге қатысамын.