Жеңісбек Жақсыбек: Ең ауыр қарсыласым Рустам Ибраев болды
Дзюдодан 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының алтын жүлдегері Жеңісбек Жақсыбек ел біріншілігінен кейін Prosports.kz тілшісіне сұқбат берді.
- Мақсатым чемпионатты жеңіп алу болды. Жақсы дайындалып келдім. Бұл жарысқа Елдос Сметов қатысқан жоқ. Бірақ басқа жігіттер де осал болмады. Рустам Ибраев, Ғұсман Қырғызбаев сынды мықты балуандар бар. Олармен жекпе-жегім тартысты өтті.
- Ең ауыр жекпе-жегің қайсысы болды?
- Төртінші жекпе-жегім. Ширек финалда Рустам Ибраевпен кездескенмін. Сол жекпе-жек қиын болды.
- Қателеспесем, биыл ешқандай жарысқа қатыспадың...
- Сәуірде бір ғана жарысқа қатыстым. Тбилиси қаласындағы Гран-При болатын. Бірақ екінші белдесуімде жеңіліп қалдым. Одан кейін жарысқа қатысқан жоқпын.
- Неге қатыспадың?
- Жарақат болды.
- Сен Сметовпен бір салмақтасың. Салмағыңды ауыстыру ойда жоқ па? Әлде қала бересің бе?
- Осы салмақта қаламын. Алда Азия және әлем чемпионаттары бар, Азия ойындары күтіп тұр. Осындай байрақты жарыстарда жүлде алғым келеді.