Жанат Жақиянов: Жаңа жылға дейін демаламын
Белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA нұсқасы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Жанат Жақиянов британдық Райан Барнеттің жеңілуіне байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
<span> «Мен қайда бара жатқанымды, айқасты мерзімнен бұрын немесе айқын басымдықпен жеңуім керектігін жақсы білдім. Десе де, ойым орындалмады. Мен бар күш-қуатымды салғаныммен, ол да қарапайым боксшы емес, чемпион. Айтарым - төрешіні немесе басқа біреуді айыптау дұрыс болмас еді. Дайындығым жақсы болатын. Бірақ рингтің қонағы болғанымдықтан, төреші менің қолымды көтеретіндей айқас көрсетпегенімді білемін. Тәуекел еттім. Болары болды. Бәрін де ер азамат ретінде қабылдауы керек», - дейді Жанат Жақиянов. </span>
<span>Алдағы жоспарларымен бөлісе келе бұрынғы чемпион сәл тынығатынын, бірақ келесі жылдың басына дейін рингтегі айқастарға дайын болатынын жеткізді. «Айқастан кейін мен өзімнің менеджерім Филип Фондрюмен сөйлесіп, жаңа жылға дейін мазаламауын өтіндім. Азырақ бокстан демалсам деймін. Алайда менеджерім алда менің болашақ қарсыласымды анықтау тұрғысында жұмыс жүргізеді. Келесі жылдың басына дейін қашан, қайда айқас болатыны туралы менеджер маған жауабын беріп қалуы керек», - дейі боксшы. </span>
<span>Жанат Жақиянов сонымен бірге британдық лайықты қарсылас болғандықтан, Барнетпен айқасу туралы ұсынысқа бірден келіскенін айтады. «Айқастың шарттарын олар бізге ұсынды. Маған менеджерім қоңырау шалған кезде бірден келісетінімді білдірдім. Өйткені, бұл үлкен дода еді. Мұндай дәрежедегі айқастар мен үшін арман болатын. Ел естімеген боксшылармен болмашы кездесулердің өткізе беру кімге керек? Сондықтан, шарттарына қарамастан, мен бұл айқасқа бәрібір келісетін едім», - дейі ол. Боксшы бұған қоса қазақстандық Геннадий Головкин мен Сауль Алварестің арасында өткен кездесуге қатысты ойымен бөлісті. «Бокстан мүлде хабары жоқ адамдар Головкин мен Альварес рингке шыға салып, бір-бірін тоқпақтай кетеді деп ойлаған шығар. Бірақ мен бірден шеберлігі шыңға шыққан екі бірдей мықтының шаршы алаңға шығатынын және бұл кездесу өте «ақылды» айқасқа айналатынын айтқан едім. Бәрі керемет өтті. Қорғаныс тұрғысында екеуі де кем түскен жоқ. Бірақ, төрешілер тең деген шешім шығарды... Реванш туралы не айтуға болады? Барлығы да дайындыққа, кім кездесу алдында қандай көңіл-күйде болатынына байланысты. Тактика жеңіске жеткізеді», - дейді Жанат Жақиянов.</span>