Қуат Хамитов: Питер Куилли - өте мықты спортшы
Қазақстандық файтер Қуат Хамитов ProSports.kz тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласында өтетін Fight Nights турнирі жайлы айтып берді.
- Fight Nights турнирі қараша айының 26 күні Оңтүстік астанамыздағы «Алматы арена» спорт кешенінде өтеді. Промоутерлер ұйыммен келіссөз жүргізіп, осы мерзімге тоқталды.
- Кештің басты жекпе-жегінде кімдер жұдырықтасады?
- Аталған кеште екі басты жекпе-жек өтеді. Біреуінде ақтөбелік жерлесіміз Жалғас Жұмағұлов жұдырықтасса, екінші басты кездесуде мен октагонға шығамын.

- Жалғас Жұмағұловтың қарсыласы кім болмақ?
- Жалғас британиялық Шадж Хэк есімді файтермен жұдырықтасады.
- Қарсыласыңыз Питер Куиллиді зерттеп үлгердіңіз бе?
- Әрине. Питер Куилли Конор МакГрегордың спарринг қарсыласы әрі өте мықты спортшы. Fight Nights аясында өткізген жекпе-жектерін көрдім. Кейін Камил Гаджиевке: «Егер Магомедсайд Алибеков менімен қарымта жекпе-жекке шықпаса, мені Питер Куиллимен жұдырықтасамын» деп хат жазып жібергенмін. Артынша Питер Киулли ғаламторда менімен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді. Ол 13 жекпе-жек өткізіп, онында жеңіске жетсе, үшеуінде ұтылған. Дегенмен кәсіпқой спортшылар ұпай санымен жеңілуді аса бір мойындамайды. Сол себепті де мықты жауынгер деп айтуға болады.

ПИТЕР КУИЛЛИ
Азаматтығы: Ирландия
Жасы: 31
Бойы: 180 см
Салмағы: 70 келі
Өткізген жекпе-жектері: 10 жеңіс, 3 жеңіліс
Питер Куилли соңғы жекпе-жегін биылғы жылдың 24 тамызында өткен FNG Fight Nights Global 72 аясында өткізді. Ирландиялық спортшы ресейлік Ислам Бегидовтен төрешілердің шешімі бойынша жеңіліп қалған.
Ал Қуат Хамитов соңғы кездесуін сәуір айында Магомедсайд Алибековқа қарсы өткізді. Владивосток қаласында ұйымдастырылған Fight Nights Global 63 турнирінде «Найман» қарсыласына төрешілердің шешімі бойынша есе жіберді.