Данияр Қаленов:Биылғы жыл мен үшін сәтті өтуде
Халықаралық дәстүрлі «Болат Тұрлыханов Кубогы» өз мәресіне жетті. «Халық Арена» спорт сарайына жиналған күрес жанкүйерлері екі күн бойы күрес жұлдыздарының белдесулерін тамсана тамашалады. Әсіресе, 66 келідегі қос жерлесіміз Алмат Кебіспаев пен Данияр Қаленов арасындағы финалдық белдесу аса тартысты өтті. Жүйке тоздырар айқастан соң жарыс жеңімпазы атанған Данияр Қаленов өз әсерімен бөлісті.
- Данияр жеңіс құтты болсын! Бар болғаны бір аптаның ішінде екі жарыста топ жардың. Ашхабдта жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өткен V Азия ойындары мен халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогының» жеңімпазы атандың. Осынша қысқа мерзімде екі бәсекеге қатысу қиынға түспеді ме?
- Әрине, бір аптада екі жарысқа қатысу оңайға түспеді. Ашхабадтағы Азия ойындарына бапкерлеріммен бірге тер төгіп, ұзақ дайындалдым. Ол жарыста ең қиын белдесу қандас бауырымыз Елмұрат Тасмұрадовқа қарсы болды. Ол белдесуде бағым жанып, финалға жолдама алдым. Ал финалдық кездесуде ирандық балуанмен күш сынастым. Турнир барысында жерлестеріміздің көбі ирандық балуандардан ұтылған соң, намысқа тырысып ұттым. Азия ойындарынан кейін бапкеріммен кеңесіп, осы «Болат Тұрлыханов Кубогына» күресуге бел будым. Жалпы бұл турнирге әдеттегідей Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мықтылардан бөлек, бүкіл әлемнің азулы балуандары қатысады. Мәселен, жартылай финалда әлем чемпионы оңтүстік корялық балуан Рю Хан Судан басым түстім. Ал финалда Алмат ағамды ұтып, чемпион атандым.
Биылғы жыл мен үшін сәтті өтуде. Жаттығуымда немесе теxникамда өзгеріс бар деп айта алмаймын. Бірақ нәтижеге көрсететін кез жетті деп ойлаймын.Алдағы жарыстарда да сәттілік серік болады деп үміттенемін.
