Тұрлыханов Кубогына қатысатын атақты палуандар кімдер?
Ертең Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогы» басталады.
Жарыстың алғашқы күнінде үш салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Назарларыңызға ертең бозкілемге шығатын палуандар арасындағы әлем чемпионаты мен құрлықтық жарыстарда жүлдесіз қайтпай жүрген таңдаулы спортшыларды таныстырамыз.
Ертең жарыс көркін кім қыздырады дегенде ойға ең алдымен Оңтүстік Кореялық Ким Хен Ву оралады. 75 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін кәріс палуаны үш дүркін Азия чемпионы, әлем және Азия ойындарының чемпионы. Оған Лондон олимпиадасының алтыны мен Рио олипиадасының қоласын қосып қойыңыз. Барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын кореялық ертеңгі жарыста да тұғырдың ең биік сатысын көздейтіні анық.

Бұл салмақта тағы бір әлем чемпионы, Лондон олимпиадасының күмісін еншілеген армениялық палуан Арсен Джулфалакян бар.

Арсеннен өзге грузияляық Шалва Болквадзені де мықтылар санатына жатқызуға болады. Шалва соңғы олимпиада ойындарында қола жүлдегері саналады.
98 келіге дейінгі салмақта басты фафорит ресейлік Никита Мельников болары сөссіз.
Әлемнің бір, Еуропаның екі дүркін чемпионына қарсы күресу кез келген палуанға оңай соқпасы анық.

59 келіге дейінгі салмақта Қырғызстанның бетке ұстар палуаны Қаныбек Жолчубеков бар. Азия чемпионатында үш рет тұғырдың ең биік сатысынан көрінген Қаныбек студенттер арасында екі рет әлем чемпионы атанған.

Естеріңізге салайық, жарысқа Ресей, Иран, Корея, Венгрия, Беларусь, Грузия, Украина, Армения, Польша, Грекия, Түркия, Литва, Таиланд, Тәжікстан, Қырғыстан, Өзбекстан және тағы басқа әлем мемлекеттері қатысады. Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) күнтізбесіне енгізілген жарыс олимпиадалық ойынға жататын алты - 59, 66, 75, 85, 98 және 130 келі салмақ дәрежелері бойынша өтеді.
Ертеректе «Болат Тұрлыханов Кубогына» қатысатын қазақстандық палуандардың есімі мен жарыстың жүлде қоры белгілі болған.