Мен Головкинді жеңе алам - Эрисланди Лара

Мен Головкинді жеңе алам - Эрисланди Лара
Шыққан тегі кубалық, қазір АҚШ-та тұратын кәсіпқой боксшы Эрисланди Лара мексикалық Сауль Альваресті төрешілер шешімімен жеңу мүмкін емес екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі. 
Эрисланди Лараның пікірінше, Головкин-Альварес жекпе жегінде қазақстандық боксшы жеңді. Бірақ кубалық өзі Головкинді жеңе алатынын айтады. 

«Екі раунд басымдығымен GGG жеңді деп санаймын. «Канелоны» төрешілер шешімімен жеңу қиын. Бәрі біледі, мен оны жеңгем, бірақ төрешілер әділ болмады. Мейуезердің өзі оны таза жеңген, алайда бір төреші тең болды деді. Бұл мысалдар бәрін жақсы түсіндіреді» деді Лара. 

2014 жылы шілдеде Эрисланди Лара мексикалық Сауль Альвареспен бокстасқан болатын. Ол кездесуде кубалық бір орында тұрмай қаша жүріп «Канелоны» алыстан ұру әдісін жақсы қолданған болатын. Альварес көбіне денеден ұрды. Бұл жекпе жекте екі төреші жеңісті мексикалыққа, бір төреші кубалыққа берді. Шешім үлкен дау туғызды. Сарапшылардың біразы бұл кездесуде Эрисланди Лара жеңді деп санайды. 

«Бірінші жекпе жекте мен «Канелоны» сойып тастағам, оған еш күмән жоқ. Егер тағы да кездесіп жатсақ, бұрынғыдан гөрі агрессор болар едім және оны құлатуға тырысар ем. Өйткені, «Канеломен» рингке шыққан кезде төрешілер ешқашан әділ шешім шығармайды» деді Эрисланди Лара. 

Сонымен қатар кубалық боксшы қазақстандық Геннадий Головкинді де жеңетініне сенімді болып отыр. 

«Головкин ашық жүрді. Екеуміз кездессек, мен оны 12 раунда ұпай санымен жеңер едім. Геннадий мен «Канело» менімен рингте кездескісі келсе, айтсын. Мен ең мықтылармен шығуға дайынмын» деген Лара Fighthype.com сайтына берген сұхбатында. 

Бір қызығы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Головкин үшін ең қауіпті қарсылас Сауль Альварес емес, Эрисланди Лара деген пікір айтқан болатын. 

Эрисланди Лара Куба құрамасында әуесқой бокста ірі жетістіктерге жеткен спортшы. 2005 жылғы әлем чемпионы. Әуесқой бокста қазақ боксшысы Бақыт Сәрсекбаевтан екі рет жеңілген, бір рет Бақтияр Артаевтан басым түскен.
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или