GGG vs Canelo. Алғашқы жекпе-жектен естелік. ФОТО+ВИДЕО
Геннадий Головкин жаһанға GGG атымен танылмай жатып, ал Сауль Альварес 20 жастан енді асқан тұста қос боксшы шаршы алаңға қолғап түйістірген.
«Жақсы бала» 2011 жылы Кассим Оумаға қарсы жекпе-жегі алдындағы жаттығу барысында «Канеломен» спарринг өткізген.
Абель Санчес боксшылардың қантөгіс айқасын емес, жәй ғана жаттығуды көргісі келген. Сол себепті спарринг басталмай жатып қос боксшыға бұл жайлы түсіндірген. Жекпе-жек алты раундқа созылды. Алғашқы кезеңде «Канело» басымдық танытып, көп соққылар жасады. Дегенмен Головкин қорғаныста мығым болды. GGG қарсыласын зерттеп жүргендей әсер қалдырған. Екінші раундта жекпе-жек тізгінін қолына алған Головкин «Канелоны» арлы-берлі қуалап, соққының астына алды. Қарсыласының тарапынан қысым көрген мексикалық боксшы артқа шегіп, барынша соққыдан қашуға тырысқан. Арасында «Канелоның» бапкері Хосе Рейносо: «Жақсы, өте жақсы» деп айқайлап, шәкіртіне дем беріп қояды. Екінші кезеңнің аяқталуына аздаған секундтар қалғанда «Канело» ашық шабуылға шыққан. Ұзақ өтпестен бұл шешіміне өкінген де болар. Себебі Головкин оған сол қолымен жойқын жасап, есеңгіретіп тастады. Келесі раундтарда «Канело» спарринг басындағыдай белсенділік танытқан жоқ. Ал Гена керісінше екінші демі ашылғандай, шабуылға шыға берді. 5-ші раундта «Канелоның» шаршағаны анық байқалды. Ол барынша джебпен жұмыс істеп, Головкиннің соққыларынан қашқақтап жүрді. Дегенмен жекпе-жектің соңғы раундында Альварес айқын белсенділік танытты. Арта шегінер жол жоқ екенін түсінгендей шабуылға шықты. Головкин де қарап қалмай, барынша соққыларын дарытуға тырысты. Осылайша, соңғы кезеңде қос боксшы бірдей дәрежеде жұдырықтасты. Дегенмен бұл жекпе-жек Головкиннің пайдасына шешілгені анық (Даг Фишердің естелігінен).


21-ге енді толған «Канело» Головкиннің тәжірибесіне қиындықпен болсын тойтарыс бере алды. Дәл осы спаррингтен соң жарты ай өткенде Triple GGG 18 маусым күні Кассим Оуманы нокаутқа түсіріп, WBA чемпиондық белбеуін қорғап қалды. Ал бір күн өткеннен соң Сауль Альварес британиялық Райан Рудсты жеңіп, WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.
Араға 6 жылдан астам уақыт өткенде жаһанға Triple GGG, «Жақсы бала» лақап есімдерімен танылған Головкин мен Сауль «Канело» Альварес шаршы алаңда қайта кездеседі. Бұл жекпе-жекке Головкин төрт бірдей чемпиондық белбеудің иегері ретінде келсе, Сауль Альварес тәжірибе жинақтаған, қарсылас шақ келтірмейтін «құбыжық» дәрежесінде шығады.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек қыркүйектің 16-нан 17-не қараған түні Лас-Вегас қаласындағы <span>T-Mobile спорт кешенінде </span>өтеді. «Ғасыр жекпе-жегі» атанған тарихи оқиға байланысты барлық ақпараттың біздің Prosports.kz сайтынан оқи аласыздар!
Аталмын спаррингтен суреттерді назарларыңызға ұсынамыз.





