«Найман» Головкин - «Канело» жекпе-жегіне болжам жасады
Танымал қазақстандық ММА файтері Қуат «Найман» Хамитов Геннадий Головкин - Сауль Альварес жекпе-жегіне болжам жасады.
- Меніңше жекпе-жек өте тартысты әрі ауыр өтеді. Себебі Головкиннің де, Альварестің де соққылары жойқын. Сол үшін қос боксшы сақ қимылдайды. Меніңше, жекпе-жекте кім ақылдырақ болады, жеңіске сол жетеді. Қағаз жүзінде Головкин айқын фаворит. Себебі ол 72,6 келі салмағында әлем чемпионы. Оның бойы мен қолы ұзын. Альварес болса енді 69 келіден көтерілді. Жаңа салмақта бірден мықты қарсыласпен жұдырықтасу оған қиынға соғары анық. Бірақ «Канело» ақша әкеледі, ең аз дегенде миллионға жуық ақылы трансляцияны сатады. Головкин оны ұпай бойынша жеңе алмас. Егер жекпе-жек қорытындысын төрешілер шешетін болса, жеңісті Альвареске берері сөзсіз. Себебі ол ақша әкеледі.
- Мұндай жағдайда Головкинге не істеу қажет?
- Головкиннің ылғи шабуылға шығудан басқа амал жоқ. Кей сәтте ауыр соққыларды дұрыс қабылдап, жекп-жекті уақытынан бұрын аяқтауға тырысу қажет. 6 раундта қарсыласын алғашқы нокдаунға түсіріп, 8 бен 12 раунд аралығында екінші нокдаунға жіберуге тырысу керек. Сол кезде ғана төрешілер оған жеңісті беруі мүмкін. Ал негізінде Головкин міндетті түрде «Канелоны» сұлатып түсіруі қажет.