Қанат Ислам Брэндон Кукты жеңді. Видео
Астана төрінде үлкен бокс кеші мәресіне жетті. Кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңілмеген қос боксшы, қазақстандық Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук кездесті.
Қанат Ислам осыған дейін 24 кездесудің барлығында жеңіске жетіп қана қоймай, оның 19 мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Ал оның қарсыласы Кук 18 кездесудің он үшінде уақытынан ерте жеңісті тойлаған.
Астанадағы бокс кешінің басты жекпе-жегі он екі раундқа жоспарланған болатын.
Кездесу басталысымен екі боксшы да аңдысып жатпай бірден шабуылға көшті. Алғашқы раундта боксшылардың ешбірінің басымдығы байқалмады.
Ал екінші раундта шаршы алаңда Қанат үстемдік құрды. Оның бірнеше ауыр соққысы діттеген жеріне жетіп жатты.
Үшінші раундта Қанат қарсыласын нокдаунға жіберді. Алайда Кук төрешінің санағы аяқталғаншы тұра алды.
Төртінші раунд басталысымен Қанат қарсыласын «Сарыарқа» велотрегіне құрылған шаршы алаңды қуып жүріп сабады. Ал Куктың бар ойлағаны құлап қалмау болды.
Бесінші раундта Қанат Кукты тағы бір құлатып алды. Дегенмен Кук кездесуді жалғастыра алды. Жалғастырып қана қоймай бір дәл соққысымен Қанаттың қабағын жарып жіберді. Қанат қабағынан сауғалаған қанға қарамастан Кукты сабалаумен болды.
Алтыншы раундта Брэндон Кук белсенді болды. Оның бірнеше соққысын Қанатқа дәл тиді.
Жетінші раундта Қанаттың басымдығы анық болды.
Сегізінші раундта да Кук таяқ жеумен болды.
Тоғызыншы раунд басталысымен Қанат қарсыласына бірнеше ауыр соққы жұмсады. Есеңгіреп қалған Кукқа төреші араша түсіп алып қалды.
Осылайша Қанат кәсіпқой бокстағы жиырма бесінші жеңісіне қол жеткізді.