Алматыда Қазақстан тарихындағы ең ауқымды ММА турнирі өтеді
9 қыркүйек күні «Almaty Arena» спорт кешенінде «Alash Pride» промоутерлік компаниясы «АСВ» промоушенімен бірлесе, Алматы қ. Әкімдігінің қолдауымен Қазақстан тарихындағы ең ауқымды, халықаралық ММА турнирін өткізеді. Бұл кештің басты жекпе-жегі Арман «Сұңқар» Оспанов пен бразилиялық Тьяго «Manchinha» Луис Силва арасында өтеді.
Қазақстанның ең үздік файтері, «Alash Pride FC» сарбазы - Арман Оспанов кәсіпқой аралас жекпе-жекте сегіз кездесуге шығып барлығында айқын жеңген. Ол әскери самбодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан әлем және ТМД чемпионы, әскери самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы. Оның қарсыласы Тьяго Луис Силва (12-5) бразильдік джиу-джитсудан қара белбеудің иегері және «Shooto Brasil» ұйымының әлем чемпионы.
«Alash Pride – АСВ» - осы күздегі ең елеулі кәсіби аралас жекпе-жек жәрмеңкесі. Бұл ММА турнирінің аясында белгілі қазақстандық спортшылар, «Alash Pride FC» өкілдері - Асылжан Бақытжанұлы, Евгений Егембердиев, Асу Алмабаев, Қаршыға Дәуітбек, Бахтияр Несіпбек пен легионеріміз Мурод Хантураев және Игорь Свирид айқасқа түспек. Турнирде сегізбұрышқа жалпы 15 жұп жекпе-жекке шығады. Олар Ресей, АҚШ, Бразилия, Литва, Румыния және Тәжікстан сынды елдердің атышулы файтерлері.
«Alash Pride – АСВ» турниріне белгілі америкалық UFC рефериі- Джон Маккарти мен Херб Дин өзінің әділқазылар бригадасымен төрешілік етеді. UFC-дің үш дүркін экс-чемпионы Френк Мир тікелей эфирде аталмыш жекпе-жек кешінің комментаторы болмақ.