Қоңқабаев: Басты мақсат - Токио Олимпиадасында топ жару
Гамбургте өткен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Prosports.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
– Қамшыбек, денсаулығыңыз қалай?
– Рахмет, бәрі жақсы. Финалдық кездесуде қабағымды жарып алған болатынмын. Жарақатым сол ғана.
– Меджидовтан ұтылдым деп өкініп жүрген жоқсыз ба?
– Жоқ, бұйырған медальді алдық. Еш өкініш жоқ.
– Төрешілердің шешімімен келісесіз бе?
– Төрешілердің шешімі туралы ештеңе айта алмаймын. Кімнің қолын көтерді, сол жеңіске жетті.
– Жеңіске жету үшін не жетіспеді деп ойлайсыз?
– Физикалық тұрғыда дайын болмадым, бұған қоса тәжірибе жетіспеді. Себебі бұл менің бірінші әлем чемпионатым болатын. Ұтылуымның басты себебі - тәжірибенің аз болуы деп ойлаймын.

– Үш дүркін әлем чемпионы Магомедрасул Меджидовқа қарсы тұру қаншалықты ауыр болды?
– Магомедрасул – өте тәжірибелі боксшы. Оның физикалық дайындығы жақсы болды. Бірақ оның асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Жекпе-жек өте тартысты өрбіді. Бұл кездесуге жүз пайызға дайын болмадым, сол себепті жеңілдім. Соққы бағыттайтын жерде ұрмадым. Қарсыласымнан бір бас жоғары болсам ғана жеңісті маған берер еді.
– Әлем чемпионатының алдында құрамамыз алты медаль алады деп ойладыңыз ба?
– Жарыс алдында мақсатымыз кем дегенде төрт медаль алу болатын. Бірқа бұдан да көп жүлде алатынымызға сенімді болдым. Себебі, жігіттер бұл жарысқа өте жоғары деңгейде дайындалды. Мырзағали Айтжанов ағамыздың қол астында өте тыңғылықты дайындық жұмыстарын өткіздік.
Азия чемпионатынан кейін көп әңгіме болды. Өзбекстанда біз бір алтын ғана алған болатынбыз. Енді міне әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мықтылығын дәлелдедік деп ойлаймын. Бұған қоса құрамамыз жас боксшылардан жасақталған болатын. Бұрынғы құрамнан тек бір-екі боксшы ғана қалды. Соған қарамастан жоғары нәтиже көрсете алдық.
– Алдағы жоспарыңыз қандай? Ел біріншілігіне қатысасыз ба?
– Қазіргі басты жоспар - жарақатымнан емделу. Қазақстан чемпионатына қатысу-қатыспауымды бапкерлік құрам шешеді. Әзірге бұл жарыстың қайда және қашан өтетіні белгісіз. Негізі, басты турнирлер - Қазақстан чемпионаты мен келер жылы өтетін Азия ойындары ғой. Ал басты мақсатым - бұл Токио Олимпиадасында топ жару.

– Гамбургтегі ең ауыр жекпе-жегіңіз кімге қарсы болды?
– Финалдық жекпе-жек шығар. Бірақ мен үшін ең маңызды жекпе-жек - өзбекстандық Баходир Джалоловқа қарсы болды. Мен одан Азия чемпионатының финалында ұтылған болатынмын, бірақ ол жерде өзімді жеңілдім деп санаймын. Есесіне жеңісті жергілікті боксшыға берген болатын. Енді міне нейтралды территорияда мен одан басым түстім. Джалоловтан мықты екенімді дәлелдедім.
– Баходир төрешілердің шешіміне наразы болғандай көрінді. Жекпе-жектен кейін сізге ештеңе айтқан жоқ па?
– Жоқ. Ештеңе айтқан емес. Бұл спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Төрешілердің шешімі әділетті деп ойлаймын.
– Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасындағы кездесуден не күтесіз?
– Менің ойымша, Қанат басым жеңіске қол жеткізеді. Бұған қоса, Ислам өз елінде жұдырықтасады. Яғни жеңіске жету үшін бар күшін салады.
Естеріңізге сала кетсек, аса ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабаев бокстан әлем біріншілігінің финалында әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовтан жеңіліп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.