«Alem barysy» жарысының салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтті

 «Alem barysy» жарысының салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтті

Астананың «Mega Silk Way» сауда, ойын-сауық кешенінде «Alem barysy» додасына қатысатын балуандар арасында салмақ өлшеу және жеребе тарту рәсімі өтті.

Турнирде 37 елден жиналған 42 спортшы күш сынаспақ. Салмақ өлшеу рәсімінің қорытындысы: Айбек Нұғымаров 141 келі, Еламан Ерғалиев 123 келі, Дәурен Нұралинов 133 келі, Айбат Сейтен 115 келі ал Ержан Шынкеев 130 келі.

Дүбірлі доданың ең ауыр балуаны Жаңа Зеландия өкілі Чико Реремоана Пембертон болды. Оның салмағы 175 келіні көрсетті. Ең ауырлардың символикалық үштігін ресейлік Рустем Арсланов (159 келі) пен аргентиналық Лучиано Дель Рио (146 келі) түйіндеді.<br />Шара барысында қазақ балуандарының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды. Рәсім алдында көрермендерге алтын, күміс және қола белдіктер таныстырылды. Алдымен балуандар сахнаға бір-бірден шығып, салмақтарын өлшеді. Кейін жеребе қоржынындағы асықтарды алып шығу арқылы, өздерінің қарсыластарын анықтады.<br />Жеребеге сәйкес, «Қазақстан барысы» атанған, қазақ күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айбек Нұғымаров 25 жастағы эстониялық Дмитрий Леппен бозкілемге шығатын болды. Ал Қазақстан кубогының жеңімпазы Дәурен Нұралинов айтулы жарыстағы алғашқы кездесуін үндістандық Жагбир Сингх Ранамен өткізеді. Қазақ күресінен ғана емес, дзюдодан да әлемдік жарыстарда топ жарып жүрген Ержан Шынкеев салмағы 130 келілік польшалық Томаш Питор Талачпен белдеседі. Қазақ күресінен атағы шығып келе жатқан жас балуан Айбат Сейтен жуықта ғана дзюдодан Еуропа чемпионы атанған грузиялық Гурам Тушишвилимен шығады.<br />«Қазақстан барысы» атанған Еламан Ерғалиев Литваның балуаны Мартинос Васковичпен кездеседі.

Еске сала кетсек, 8 қыркүйек күні елордадағы «Барыс Аренада» қазақ күресінен «Alem barysy» чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеде әлемнің қырыққа жуық елінен 43 балуан өзара мықтыны анықтайды. Бірінші орынды иеленген балуан алтын белдікпен бірге 15 миллион теңге сыйақы алады. Жарыс танымал әлемдік телеарналар арқылы 100 мемлекетте көрсетілетін болады.

 

 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или