Қоңқабаев финалда Меджидовтан жеңілді
Гамбургтегі бокстан әлем чемпионатының соңғы кездесуінде қазақстандық Қамшыбек Қоңқабеав пен Әзірбайжан елінің намысын қорғаушы Магомедрасул Меджидов кездесті.
Алматыда өткен Әлем чемпионатында дәл осы Меджидов қазақстандық Дычконы жеңіп алтыннан алқа таққан еді. Ол кездесу көпшіліктің есінен кете қоймайтыны анық. Себебі Меджидовтың ауыр соққысынан соң Дычко қалың ұйқыға кеткен еді.
Сол кеткен есені қайтарудың сәті тағы бір қазақстандық Қамшыбек Қоңқабаевқа бұйырды.
Дегенмен ауыр салмақта қарсылас шыдатпай жүрген Магомедрасул Меджидов оңай шағылатындардың қатарынан емес еді.
Аса тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің шешімі Меджидов жағында болды.
Осылай Меджидов үш дүркін әлем чепионы атанды.
Осылайша Қазақстан Гамбургтегі Әлем чемпионатында үш қола, екі күміс, бір алтын жүлде еншіледі.