Қайрат пен Әбілхан финалға шықты

Қайрат пен Әбілхан финалға шықты

Гамбургте өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында бес салмақта финалға шыққан боксшылардың есімі белгілі болды.

Бүгінгі жарыс күнінде төрт қазақстандықтың финалға шығуға мүмкіндіктері болған. Алайда тек екеуі ғана ақтық айқасқа жолдама алды.

Қазақстандықтар арасында алғашқы болып шаршы алаңға Жомарт Ержан көтерілген. Оның қарсыласы Куба елінің боксшысы Хоанис Аргилагос болатын. Өкінішке орай Жомарт өзі қатысқан алғашқы Әлем чемпионатының финалына шыға алмай, қола жүлдемен шектелді.

Қазақстан құрамасы қатарындағы тәжірибелі боксшылардың бірі Қайрат Ералиев британиялық Питер Макгрейлмен болған жекпе-жекте жеңімпаз атанып, финалға шықты.
Финалда Қайрат америкалық Дюк Раганмен кездеседі.

Қазақстандық боксшылар арасынан тараздық Әбілхан Аманқұл да финалға жолдама алды. Әуелде Әбілханды елеп ескергендер сирек еді. Ширек финалда Әлем және Олимпиада чемпионы Арлен Лопесті жеңген Аманқұл жартылай финалда Рио олимпиадасының қола жүлдегері Камран Шахсуварлыны жарыс жолынан шығарды.
Ендігі жерде Әбілханға Әлем чемпионы атану үшін Еуропа чемпионы украиналық Александр Хижнякты жеңуі тиіс.

91 келіге дейінгі салмақта бас жүлде қазақстандық Василий Левитке бұйырады деушілердің қарасы мол болатын.
Тіпті, финалда ресейлік Евгений Тищенкомен кездесіп Риода кеткен есені қайтаратындай көрінген. Алайда Левит жартылай финалмен шектелді. Куба елінің боксшысы Эрисланди Савон бүгінгі кеште Левиттен мықты болып шықты.

Ертең тағы екі қазақстандық боксшы жартылай финалдық кездесулерін өткізеді.
69 келіде Абылайхан Жүсіпов пен 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев финалға шығуға тырысатын болады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или