Жәнібек Әлімханұлы: Кәсіпқой боксқа ауыспаймын
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы 9 қыркүйек күні Астана қаласында ЕХРО көрмесі аясында жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы - 33 жастағы бразилиялық Кармелито Де Жезус болмақ. Жәнібек алдағы жекпе-жегіне дайындығы жайлы Рrosports тілшсіне берген сұхбатында айтып өтті.
- Алдағы жекпе-жекке дайындық қызу жүріп жатыр. Бәрі ойдағыдай. Жұдырықтаспағаныма көп болды.
- Қарсыласыңызды зерттеп үлгердіңіз бе?
- Қарсыласым тәжірибелі боксшы. Соққысы жойқын. Аяқпен жақсы жұмыс істейді. Қорғанысы берік. Қарсыласымның ыңғайына қарай дайындалып жатырмын. Ұлттық құрамамен жаттығу жиындарында болдым. Біраз тәжірибе жинақтадым.
- Әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы қандай екен?
- Әзірге аса бір айырмашылығын байқамадым. Алда көре жатармыз.
- Қашан кәсіпқой боксқа толықтай ауысасыз?
- Әлі жоспарда жоқ. Болашақта екеуін бірге алып жүремін деп ойлаймын.
- Өз жанкүйерлеріңіздің алдында жұдырықтасасыз. Қобалжу бар ма?
- Өз еліңде, өз жеріңде жұдырықтасу әркез қиын. Қобалжып жүрмін. Бірақ бәрі ойдағыдай болады деп сенемін. Өйткені дайындығымыз жақсы.
- Қанат Ислам мен Брендон Кук арасындағы жекпе-жекке болжамыңыз?
- Қанат та, оның қарсыласы да жеңілістің ащы дәмін татпаған тәжірибелі боксшылар. Қанаттың дайындығы жақсы. Шаршы алаңда өзінің мықтылығын көрсетеді.
- Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы кездесуде кім жеңіске жетеді деп ойлайсыз?
- Жекпе-жек қызық болғалы тұр. Әрине, Головкинге жанкүйерлік етемін. Жеңіс Генаға бұйырады.
- Әлемді шулатқан америкалық боксшы Флойд Мейвезер мен ережесіз жекпе-жек өкілі, UFC чемпионы Конор МакГрегор арасында кездесу ұйымдастыру дұрыс па?
- Мұны жекпе-жек деп айта алмаймын. Таза шоу болады. Жеңіс Мейвезерге бұйыратын шығар, бірақ МакГрегор аяғымен теуіп жіберуі де мүмкін. Кім біледі? (күлді)