Н.Жаңабаев: Мейвезер ұтылса, бокстың абыройы төмендейді
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Жаңабаев 9 қыркүйек күні Астана қаласында ЕХРО көрмесі аясында жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы 37 жастағы бразилиялық Алекс Сандро Дуартэ болады. Нұрсұлтан алдағы жекпе-жегін дайындығы жайлы Рrosports тілшсіне берген сұхбатында айтып берді.
- Жекпе-жек қиын болады. Жеңіске жетуге тырысамын. Қарсыласым қарымды. Жасы үлкен, тәжірибелі боксшы. Көп жекпе-жек өткізген. Шаршы алаңда қорғанысқа баса назар аудармайды, шабуылға көп шығады. Жасы үлкен болғаннан соң жылдамдығы нашарлау.
- Қарсыласыңыздың жұдырықтасу стилі қандай?
- Көп шабуылдағанды ұнатады. Қорғанысқа жатып қалмайды. Сәті келсе жойқын соққы жасап, қарсыласын сұлатып түсіруге тырысады.
- Сіздің жекпе-жекке жоспарыңыз қандай болады?
- Бір раунд бақылаймын. Сол кезде оның қандай жоспармен шаршы алаңға шыққанын түсінуге болады. Ал ары қарай қалай қимылдайтынымды сол шаршы алаңда шешеміз.
- Бапкеріңіздің нұсқауы қандай?
- Әрине, нокаут қой. Қарсыласыңды нокаутқа түсір деп жоспар қойды.
- Өз жеріңізде, жанкүйерлеріңіздің алдында жұдырықтасу қосымша жүк арта ма? Қобалжу бар ма?
- Қобалжу бар. Бірақ өз жанкүйерлерімнің алдында жұдырықтасатындықтан, барынша мықты дайындалып жатырмын. Жанкүйерлерімнің бетін жерге қаратпауға тырысамын.
- Промоутеріңіз кім?
- Әзірге нақты промоутерім жоқ. Алдағы уақытта Нелсон промоушенімен келісімшартқа отырамын.
- Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасындағы жекпе-жекке болжамыңыз қандай?
- Кук оңай қарсылас емес. Екеуі де тәжірибелі. Бірақ Қанат ағаға сенеміз. Оның дайындығы жақсы.
- Геннадий Головкин – Сауль Альварес жекпе-жегінде кім жеңіске жетеді деп ойлайсыз?
- Әрине, Гена жерлесіміз болғаннан соң оған жанкүйер боламыз. Алдыңғы джебімен тоқтатып тұрып, оң қолын салады-ау деп сенеміз.
- Флойд Мейвезер мен Конор МакГрегор жекпе-жегі не ойлайсыз? Бокс пен ережесіз жекпе-жекті араластыру дұрыс па?
- Негізі дұрыс емес. Бұл таза ақша табу мақсатында жасалған. Үлкен шоу. Мейвезер ертең ұтылып қалған жағдайда, бокстың абыройына үлкен нұқсан келеді. Флойд спарринг кезінде қарсыласынан соққы алып қалды деп естіп жатырмыз. Не дегенмен Мейвезерге сенеміз.