Мейірім Нұрсұлтанов: Кәсіпқой боксқа ауысқаныма еш өкінбеймін
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы жоспары туралы айтып берді.
- Мейірім, қалыңыз қалай?
- Шүкір жақсы.
- Қыркүйекте өтетін Астанадағы бокс кешіне дайындығыңыз қалай өтіп жатыр?
- Бәрі ойдағыдай өтуде. Жақында ғана қарсыласымның есімін білдім. Енді соған тактикалық дайындығымды бастадым.
- Қарсыласыңыз бразилиялық боксшы Исмаел Буено екен. Бұған дейін ол туралы естідіңіз бе?
- Жоқ, естімедім.

- Жалпы, АҚШ пен Қазақстандағы жаттығулардың айырмашылығы бар ма?
- Әрине, айырмашылығы бар. Мұнда бәрі кәсіби деңгейде.
- Америкадағы өмірге үйреніп кеттіңіз бе? <br />
- Иә, АҚШ-тағы өмірге толықтай үйреніп кеттім.
- Әуесқой бокста қалып, Олимпиада ойындарында бақ сынауым керек еді деген ой болған жоқ па?
- Жоқ. Ондай ой болған жоқ. Кәсіпқой боксқа ауысқаныма еш өкінбеймін.

- Қай қала әдемірек – Алматы ма, әлде Лос-Анджелес пе?
- Астана (күлді). Маған Алматы ұнамайды.
- Алдағы уақытта бокс әлемінде екі үлкен жекпе-жек өткелі тұр: Мейвезер – Макгрегор мен Канело – Головкин. Бұл туралы не ойлайсыз?
- Головкин мен Канело жекпе-жегі өте қызықты болмақ. Бұл кездесуде Геннадий жеңіске жетеді деп ойлаймын.
- Мейвезер - Макгрегор кездесуі ше?
- Мейвезер ұтады. Себебі, бұл ММА емес бокс. Ал Флойд әлемдегі ең үздік боксшылардың бірі.
- Сіздің менеджеріңіз танымал Эгис Климас. Бұл кісі туралы пікіріңіз қандай?
- Эгис өз жұмысын адал атқаратын маман. Адамгершілігі өте мол жігіт. Онымен жақсы қарым-қатынастамын.

- Сергей Ковалев, Василий Ломаченкомен де жақсы араласатын шығарсыз?
- Иә. Олардың кездесулеріне жиі барып тұрамын. Олармен де жақсы араласамын.