Василий Левит: Кәсіпқой боксқа әлі ауыспаймын
Бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында кәсіпқой боксқа қашан ауысатынын және Головкин – Канело кездесуіне болжамын айтты.
– Василий, жарақаттан айықтыңыз ба? Оқу-жаттығу жиыны қалап өтіп жатыр?
– Иә, жақсарып қалдым. ОЖЖ жоспар бойынша өтуде. Ақырындап бұрынғы бабыма келу жатырмын.
– Толыққанды жаттығуларға қашан кірісесіз?
– Толыққанды жаттығып жүрмін. Залда көп уақыт өткіземін.
– Әлем чемпионатына қандай мақсат қойылды?
–Мақсатымыз бір – жақсы нәтиже көрсету. Германияға тек жеңіс үшін аттанамыз.
– Жақында ғана Astana Arlans WSB финалында кубалық Domadores командасын ұтқан болатын. Бұл нәтиже сізді таң қалдырған жоқ па?
– Жоқ, еш таң қалмадым. Біздің командамызда бәрі мықты. Оларға жанкүйер болдық. Әріптестерімді тарихи жеңіспен құттықтаймын. Бұған дейін ешкім үш рет WSB Бүкіләлемдік бокс сериясын ұтпаған.

– Сіз финалда жұдырықтасады деген әңгімелер болған еді.
– Иә, сондай жоспар болған. Бірақ жарақатыма байланысты шаршы алаңға шыға алмадым.
– Қазір қаншалықты дайынсыз?
– Жиын әлі аяқталған жоқ, бабыма келетін уақыт бар. Екінші оқу-жаттығу жиын аяқталғаннан кейін нақты қаншалықты дайын екенімді айта аламын.
– Кәсіпқой бокста ауыр салмақ дәрежесінде World boxing super series атты турнир ұйымдастырылады. Онда сегіз мықты боксшы төрт белбеуге тартысады. Бұл туралы естідіңіз бе?
– Иә, естідім. Бұл өте қызық болмақ. Әрине, боксшылар үшін жақсы жоба. Көп жылдар бойы төрт белбеуді жинамай, бір жыл ішінде абсолютті чемпионы атана алады.
– Яғни, мұндай жарыс боксқа керек деп ойлайсыз ба?
– Иә.
– Дәл сондай турнир әуесқой бокста ұйымдастырылса ше?
– Қай мақсатпен?
– Қомақты қаржы үшін.
– Онда болады (күлді).

– Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек туралы не ойлайсыз?
– Кәсіпқой бокс маманы емеспін. Бірақ бәріміз Геннадий Головкинді қолдаймыз. Уақытым болса, бұл кездесуге баруға тырысамын. Себебі бұл керемет бокс кеші болмақ.
– Ал Флойд Мэйвезер мен Конор Макгрегор жекпе-жек өткізеді деген ақпаратты қалай қабылдадыңыз?
– Енді бұл - бизнес. Спорттан алыс болсаң да,бұл кездесу туралы бір жерден болсын естисің.
– Мұндай кездесу боксқа зиян келтірмей ме?
– Жоқ. Керісінше, бұл жекпе-жек спорт түрлерін насихаттау ғой.
– Кім жеңеді деп ойлайсыз?
– Шын айтсам, маған бұл жекпе-жекке бәрібір. Өзбасым Головкин – Альварес кездесуін асыға күтіп жүрмін. Нағыз бокс сонда. Ал Мэйвезер мен Макгрегордың айқасын көрмеймін де.
– Кәсіпқой бокстағы соңғы көрген жекпе-жегіңіз қандай?
– Қателеспесем, Головкин – Джейкобс кездесуі.
– Өзіңіз кәсіпқой боксқа қашан ауысасыз?
– Қазір бар ойым алдағы әлем чемпионатында. Мақсатым – бұл жарысқа сақадай сай дайын болу. Бәрі уақытымен. Әзірге кәсіпқой боксқа ауыспаймын.
– Шетелдік промоутерлік компаниялардан ұсыныстар болды ма?
– Болды.
– Қай компаниялардан?
– Жақсы компаниялардан. Бірақ қол қоймаған соң айтудың қажеті жоқ.
– Америкадан ба?
–Иә, көбісі Америкадан болды.

– Иван Дычко кәсіпқой бокста үлкен жетістікке жете ала ма?
– Иванға тек сәттілік. Дычконы қолдап, оған жанкүйер боламыз. Бұған қоса біз жерлеспіз. Ал оның кәсіби рингтегі жетістіктерін тек уақыт көрсетеді.
– Алдағы әлем чемпионатында Тищенкодан есе қайтару ойыңызда жоқ па?
– Бізде кәсіпқой жекпе-жек емес қой. Бұған қоса онымен әлем чемионатында кездесу-кездеспеуіміз екіталай.
– Мырзағали Айтжановтың айтуы бойынша ұлттық құрама 70 пайызға жаңартылды. Жаңа боксшылар туралы не айта аласыз?
– Командаға мықты жігіттер қосылды. Жаңа боксшылар туралы бапкерлік құрамнан сұраған жөн. Себебі мен де олар сияқты құраманың мүшесімін.
– Жастармен тәжірибе бөлісіп, көмектесіз бе?
– Әр боксшының дайындығы әрқалай. Бәрінің стилі өзгеше. Негізі өзім кеңес бергенді ұнайтпаймын. Егерде боксшының өзі келіп, көмек сұраса – көмектесемін.
– Сіз «Ливерпульдің» жанкүйері екенсіз. Мерсисайдтық клубтың трансферлерік саясатына қандай баға бересіз?
– Трансферлік кезең әлі аяқталмады. Тағы бір ай бар (күлді). Әзірге жаман емес, Салах пен «Халл Ситидің» қорғаушысын (Эндрю Робертсон. – Prosports.kz) сатып алдық.

– Қазақ футболын тамашалайсыз ба?
– Тамашаламаймын. Уақыт жоқ (күлді).
– Жанкүйерлерге айтар сөзіңіз болса...
– Қолдау көрсетіп жүрген барша жанкүйерлерге рақмет. Біз үшін ұялмайтындай нәтиже көрсету үшін тырысудамыз.
– Биыл демалған жоқсыз ба?
– Толыққанды демалған жоқпын. Он күндей үйде болдым. Азия чемпионаты, Конфедерация кубогы, енді міне әлем чемпионатына дайындалудамын. Бәлкім, әлем біріншілігінен кейін демалыс беріледі.
– Әлем чемпионатынан кейін Головкин – Альварес кездесуіне барғыңыз келе ме?
– Иә. Бапкерлік құрам қарсы болмаса барып қайтамын. Бұған қоса мен Лас-Вегаста болғанмын – керемет қала. Аралайтын жер көп.
Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС