Жәнібек Әлімханұлы: Әуесқойда жүріп, кәсіпқой бокс арқылы тәжірибе жинауға болады
2017 жылы 9 қыркүйек күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтетін бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін өткізбек. EXPO-2017 көрмесі аясында өткізілгелі отырған бокс кешінің басты кездесуі Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасында өтеді.
Астанада өтетін бокс кешінде Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы екінші кездесуін өткізеді. Ол алғашқы жекпе-жегін 2016 жылы 29 қазан күні Алматыда Милтон Нуньеске қарсы өткізіп, бірінші раундта нокуатпен жеңіске жеткен.
Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы Рио-2016 Олимпиадасынан кейін Қазақстан чемпионатына қатысып, 81 кг салмақта 2016-жылғы Қазақстан чемпионы атанған. Әлімханұлы жарты жылдан астам ресми жарыстарға қатыспады. Бұл уақыт аралығында спортшы ресми демалысып алып, жарақатын емдеумен болды. Қазіргі уақытта Жәнікбек Әлімханұлы ұлттық құрама боксшыларымен бірге жаттығу жұмыстарына кірісті.
«Кәсіпқой боксқа біржола ауыспаймын. Әуесқойда жүріп, кәсіпқой бокс арқылы тәжірибе жинауға болады ғой. Сол арқылы өзімді дамытсам деген ойдамын. Бұл мен үшін алдағы үлкен сындарға сабақ алатын мүмкіндік. Сонымен қатар, ЭКСПО аясында өтетін сында өнер көрсету үлкен мәртебе»
Айта кетейік, 9 қыркүйек күні өтетін бокс кешіндегі Жәнібек Әлімханұлының қарсыласы әлі белгісіз. Алдағы уақытта Әлімханұлының уақытша промоутері болып жүрген Нельсон Лопестің командасы қазақстандық боксшының қарсыласын жариялайды.