Айтжанов: Қазіргі құрамның 70 пайызы Токио Олимпиадасына қатысады

Айтжанов: Қазіргі құрамның 70 пайызы Токио Олимпиадасына қатысады

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Prosports.Kz тілшісіне берген сұхбатында әлем чемпионатына дайындығы мен Данияр Елеусіновтың командаға оралуы туралы айтып берді.

- Үлкен жарыс алдында үнемі оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Биыл төртінші рет AIBA Академиясында жиналып отырмыз. Мұнда жақсы дайындалу үшін барлық жағдай жасалған – таза ауа, керемет зал. Жалпы ОЖЖ сапалы өтіп жатыр, 48 боксшымыз тер төгуде. Оның ішінде ұлттық құраманың 1-4 нөмірлі боксшылары бар.

Әлем чемпионатына қатысатын он жігітіміз де қатарда. Тек Левит пен Аманқұлдың азғантай жарақаты бар. Қазір олар емделіп, бабына келуде. Бірінші оқу-жаттығу жиын болған соң спаррингтер болмайды. Сондықтан осы уақыт аралығында Василий мен Әбілхан тез айығып кетеді деген ойдамыз.

- Басқа да жарақат алған боксшылар бар ма?

- Жылдың басынан бастап жарақаттарына байланысты Әлімханұлы мен Ниязымбетов жарыстарға қатыса алмады. Қазір олар қатарда. Қос боксшымыз да толық емделген соң үлкен додаларға қатысады.

- Бұл екі жігіттің орнын басып жатқан Ерік Әлжанов туралы не айтасыз?

- Жәнібек пен Әділбектің жарақатына байланысты Әлжановқа мүмкіндік берілді. Жалпы 81 келіде жас боксшыларымыз жетеді. Қазір жастар арасында турнирлерге қатысып, жүлделі оралып жатқан спортшыларымыз көп: Бек Нұрмухамет, Бекзат Нұрдәулетов. Ал біз көп жылдар бойы орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Әлжановқа сенім артып, 81 келі салмақ дәрежесін оған тапсырдық. Бұл – бапкерлік құрамның шешімі. Ерік бұған дейін Азия біріншілігінде екінші орын алып, лизенцияға қол жеткізген болатын. Енді алдағы әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.

- Қазіргі таңда ұлттық құрама жаңартылуда. Енді ғана негізгі құрамға қосылып жатқан боксшылардан қандай нәтиже күтесіз?  

- Иә, ұлттық құрамамыз 70 пайызға жаңартылды. Әркімнің өз уақыты болды. Біз болсақ ешкімді қуып, «кет» деп айтқан емеспіз. Бокста тек ринг бәрін шешеді. Негізі тәжірибесі мол, мықты боксшыларымыздың ұлттық құрамада жүруі жастар үшін жақсы. Ниязымбетов, Левит сынды боксшыларымызға қарап жас спортшыларымыз өседі. Ал негізгі құрамға қосылған жаңа боксшылар туралы айтатын болсақ, олар көбінде 1996-1998 жылы туылған балалар. Мәселен, Абылайхан Жүсіпов, Садриддин Ахмедов, Бек Нұрмахамет, Бекзат Нұрдәулетов, Нұрлан Сапарбай, Заирбек Сұлтан, Айқынбай Шалқар, Серік Теміржанов. Жылдың басында осы боксшыларға ұлттық құрамадағы өз орнын табу үшін бір жарым жыл керек деп айтқан болатынмын. Енді міне жарты жыл өтті. Тағы бір жылдан кейін аталмыш боксшыларымыз құрамның көшбасшы спортшыларына айналуы ықтимал. Лондон мен Рио Олимпиадасында командамыз мықты болған, Токио Олимпиадасына да жақсы құрама жасақтаймыз.

- Әлем чемпионатына қандай мақсат қойылды?

- Мақсатымыз - әлем біріншлігінде кем дегенде төрт медаль алу. Енді бәрі тек бізге ғана байланысты емес қой. Төрешілер әділетті қызмет етіп жатса, бағымыз жанса, бұдан да көп жүлде алуға шамамыз жетеді. Ал команданың жасарғанын ескере отырып, кем дегенде бір алтын, бір күміс және екі қола медаль - біз үшін қолайлы нәтиже болмақ. Нақты медальға кім лайық екенін айта алмаймын, себебі біздің әр боксшымыз жүлделі орынға іліне алады. Әрине, тәжірибелі Қайрат Ералиев, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левиттің жүлдеге іліну мүмкіндігі жоғары шығар, сондай-ақ, Қонқабаев, Құрметов, Ибрагимов пен Әлжанов жүлделі оралып жатса еш таңғалмаңыздар.

- Соңғы жылдары керемет нәтиже көрсетіп жүрген Өзбекстан құрамасын артта қалдыру мақсатыңыз жоқ па?

- Әрине, мұндай жеке мақсатым бар. Көрші ел болған соң бұрыннан бәсекелесіп келе жатырмыз. Бірақ әлем чемпионаты не Олимпиада ойындары болсын, біз үнемі алда болатынбыз. Соңғы Қатардағы әлем біріншілігі мен Рио Олимпиадасында өзбектер бізді озып кетті.

- Неліктен?

- Дайындықтары керемет болды. Бұған қоса, Өзбекстан құрамасы көп жылдар бойы бір құраммен өнер көрсетіп жүр. Токио Олимпиадасында өзбектердің мұндай нәтиже көрсету-көрсетпеуі екіталай. Біздің құрамамыз туралы айтатын болсақ, бізде қазір "буын алмасу" үдерісі жүріп жатыр. Жас талантты боксшыларымызды ұлттық құрамаға шақыртып, олармен жұмыс істеудеміз. Мәселен, Абылайхан Жүсіповты Қазақстан чемпионатына қатыстырмай, бір жыл дайындап үлкен додаға апарған болатынбыз. Нәтижесін өздеріңіз білесіздер (Жүсіпов Азия чемпионы атанды – Prosports.Kz). Ендігі кезек Әбілхан Аманқұлда. Онымен де бір жыл жұмыс істедік. Енді міне әлем чемпионатына қатысқалы тұр. Қазіргі құрамның 60-70 пайызы Токио Олимпиадасына қатысады деп айта аламын.

- Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың тағдыры қалай болмақ?

- Данияр ұлттық құрамаға оралғысы келетінін айтты. Біз келісімін бердік. Бірақ қазір ол оқу-жаттығу жиынында жоқ. Оның қайда жүргенін білмейміз.

- Демек өзі нақты шешкен жоқ па?

- Иә.

- 69 келіде бәсекелестік өте жоғары. Данияр келіп жатса өзгерістер бола ма?

- Иә, бәсекелестік өте жоғары. Бұл салмақта Жүсіпов пен Ахмедов сындты мықты боксшыларымыз бар. Енді 1 нөмірлі боксшының кім болатынын Қазақстан чемпионаты көрсетеді. Барлық боксшыларымыз өз мықтылықтарын сонда дәлелдеуі қажет.

Садриддин Ахмедов таспен жаттығуда

Садриддин Ахмедов таспен жаттығуда

- Ал Иван Дычко ше?

- Ол кетті. Қазір Америкада жаттығуда. Иван ұлттық құрамаға әбден үлесін қосқан жігіт, біз оған тек сәттілік тілейміз.

- Кәсіпқой боксқа ауысқысы келіп жүрген басқа боксшылар жоқ па?

- Әзірге жоқ. Әлем чемпионатынан кейін белгілі болады. Негізгі кәсіпқой боксқа ауысып жатса таң қалмаймыз. Біз ешкімнің аяғын байлап жатқан жоқпыз. Қазір бүкіл әлемнің есігі ашық. Кезінде бізде екінші нөмірлі болған Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев, Батыржан Жүкембаев сынды боксшыларымыз кәсіпқой бокста жақсы өнер көрсетіп жүр. Сол себепті ешкімді ұстап тұра алмаймыз.

- Жәнібек Әлімханұлы қыркүйекте Қанат Исламның бокс кешінде жұдырықтасады деп естідік. Бұл қаншалықты рас?    

- Иә, менде солай естідім. Бірақ бізбен ешкім сөйлескен жоқ. Әрине, жарақатынан айығып жатса бағын сынап көрсін. Біз қарсы емеспіз. Алайда Жәнібек үшін Қазақстан чемпионатына дайындалған дұрыс болар еді. Себебі, ол өзінің ұлттық құрамадағы орнына лайық екенін дәлелдеп, келесі жылы өтетін Азия чемпионатына дайындалуы тиіс. Ал оның өте талантты боксшы екеніне күмән жоқ. Олимпиадада бағы жанбай қалған жігіттердің бірі. 

- Жақында ғана «Астана Арландары» Бүкіләлемдік бокс сериясында топ жарды. Онда көбінде ұлттық құраманың екінші нөмірлі боксшылары өнер көрсетті.

- «Арландарды» кезінде украиналық маман Сергей Корчинский жаттықтырған. Оның қол астында елордалық ұжым тұңғыш рет чемпион атанды. Бірақ біздің қазақ мамандары да одан кем емес екенін дәлелдеді. Сергей кеткеннен кейін ұлттық құрамамен ақылдаса келе Марат Жақиевты бас бапкер етіп қойдық. 2015-ші жылы қандасымыз жаттықтыратын команда финалда кубалықтарды жеңген болатын. Одан кейін «Астана Арландарын» тізгінін Нұрлан Ақүрпеков ұстады. Ол да сенімді ақтады. Биыл үшінші рет чемпион атанып, бүкіл елімізді қуантты. Жалпы «Астана Арланс» клубы деген аты ғана болмаса, біз бір командамыз. Жыл басынан бері жаттығу жиындарын бірге өткіздік. Бізді «Астана Арландарымен» бөліп жатқандар көп, бірақ айтайын дегенім – біз бір командамыз. Бұл тұрғыда Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевқа алғыс айтқым келеді. Кезінде бізде екі-ақ құрам болатын, тек қана бір құрамға қаражат жетіп, соларды ғана лыйықты  дайындадық. Қазіргі таңда, «Астана Арландары» сапында жиырма, ал ұлттық құрамда 40 боксшы бар. Жалпы айтқанда 60 спортшы жалақы алып жүр. Бұдан өзге шетелге оқу-жаттығу жиындарына, халықаралық жарыстарға барып тұрады. Сондықтан біздің алар асуларымыз әлі алда.

- Қыркүйек айында Қанат Ислам мен Геннадий Головкин өзінің кезекті кездесулерін өктізбекші. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Қанат – өте еңбекқор боксшы. Қарсыласы осал емес. Бірақ Ислам өзін мықты қырынан көрсетеді деген ойдамыз. Головкин болса барша әлем асыға күткен тарихи кездесу өткізбекші. Қарсыласы өте мықты. Сондықтан Геннадийге сақ болу қажет. Не болса да біз Генаға жанкүйер боламыз. Қос боксшымызға да біз сәттілік тілейміз.

- Қанаттың ұлттық құрамамен бірге жаттығып жүргенін байқадым.

- Ислам қайбір жаттығу болсын, бәрін сапалы істейді. Жас боксшыларымыз үшін Қанат үлгі тұтар боксшы. Сол себепті осындай жігіттердің арамызда жүргені жақсы. Одан бөлек Ниязымбетов, Левит, Ералиев, Әлімханұлы сынды тәжірибелі боксшыларымыз бар. Олар ұлттық құрамада жүре бүрсе, жас боксшылар соларға қарап өсіп, мықты деңгейге жетеді.

- Жалпы жаттығу қалай өтіп жатыр?

- Таңғы сағат 7:45-те сапқа тұрамыз. Содан кейін капитанымыз әнұран шырқайды. Кейін дене шынықтырумен айналысып, далада 10-15 минут серуендеп, таңғы ас ішеміз. Сағат 10:30-дан 12:30-ға дейін бірінші жаттығу жұмыстары өтеді. Екінші жаттығу – 16:30 дан 18:30-ға дейін жалғасады. Тек жексенбі күні ғана демаламыз. Жиын кезінде ешкім ешқайда шықпайды, кешкі 11-де жатып, таңғы сағат 7-де оянады.

- Жанкүйерлерге айтар сөзіңіз болса...

- Әрдайым ұлттық құрамаға қолдау көрсетіп, жылы ниет білдіріп жүргендеріңіз үшін сіздерге рақмет. Ал біз болсақ жанкүйерлерімізді қуанту үшін бар күшімізді саламыз.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                           Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС

 

 

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или