Барса басқа қырынан. Әуесқой спорт мекені
Спортпен айналысу Каталонияда нағыз тренд. Жанға жайлы жұмсақ климат аспан астында қысы-жазы жаттығуға мүмкіндік береді.
1992 жылы қалада Олимпиада ойындары өткен соң спорт инфрақұрылымы қарқынды дами бастады. Айтпақшы, 92-де өткен жазғы Олимпиада 25 жыл бұрын ұйымдастырылды. Осыған орай қала билігі көше бойында ескерткіш жалаушалар іліп тастаған.

Барселонада еш ақысыз тегін жаттығу үшін футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, велодромдар, воркаут орталықтары бар. Дегенмен, футбол – Барселонада нөмірі бірінші спорт түрі.

Мектеп оқушылары есік алдында да топ тебеді. Жаз мезгілінде таңнан кешке дейін футбол ойнаймын десең кедергі жоқ.

Жағажай волейболы өз алдына бөлек әңгіме. Кешке дейін офисте жұмыс істейтін қызметкерлер сағат 19:00-де жұмыстың аяқталуын күтеді. Себебі дос-жарандар волейболдан өзара күш сынасқанды ұнатады. "Барселонета" пляжында күн батқанша ойнайтын испаниялықтар артынша суға түсіп бірақ қайтады үйге.

Қарапайым жаттығулар жасау үшін, жүгіріп гимнастика істеу үшін де тұрғындар топтасып бас қосады...

Үстел теннисі әр аулада үшеуден. Ойнаймын десеңіз, мархабат...

Мен үй жалдап жеті күн өмір сүрген жер орталықтан шеткері. "Бесос Мар" метро бекеті жанындағы 11 қабатты тұрғын үй. Пәтер терезесінен сығалап сыртқа қарасаң баскетбол ойнап жатқан балалардың дауысын естисің. Ең қызығы баскетбол алаңы 5 қабатты тұрғын үйдің төбесінде орналасқан. Атқамінерлер мұнда да спортшылардың қамын ойлап сеткамен қоршау жасады. "Шіркін, Қазақстанда неге жағдай жасалмайды екен? Осы іспеттес шағын спорт алаңына көп шығын да кетпейді ғой" деген ойға қалдым.

Испанияда бұқамен арпалыс еріккендердің ермегі екенін білесіздер. Алайда, Коридаға Каталонияда тиым салынған. Басқа қалаларда әр жексенбі түстен кейін бұқалар жан тәсілім етіп жатады.

PS: Қозғалыс - өмір синонимі сыңайлы. Барселона - спортпен айналысам деушілерге нағыз жұмақ. Адамдар өз-өздеріне күтім жасау үшін жаттығады мұнда. Әрқашан қозғалыста болу үшін Каталония керемет мекен.