Маирбек Юсупов: Балуандарымыз ел намысы үшін әрдайым тер төгуге дайын
Жақында еркін күрес шеберлері Польшаның Спала қаласында жаттығу жиынын өткізіді. Ал кейін Варшавада өткен «Циолковский - 2017» турнирінде сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына бір алтын, үш күміс, сегіз қола медаль еншілген еді. Жиын қорытындысы мен халықаралық жарыс жайлы ұлттық құраманың кеңесшісі Маирбек Юсупов аз-кем ойымен бөлісті.
«Жалпы жиын керемет ұйымдастырылды. Жаттығу жиынының жоғарғы деңгейде өтуіне бірден-бір себепкер болған Польша күрес федерациясы мен сол Республиканың еркін күрестен бас жаттықтырушысы Юсуп Абдусаламовқа (Олимпиада және әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2013 жылдан бері еркін күрестен Польша құрамасының бас бапкері ) алғысым шексіз.
«Циолковский мемориалына» келсек, жарыс нәтижесі күрес сүйер қауымға белгілі. Сондықтан түрнирдің қорытындысына түсініктеме берудің қажет жоқ. Ал біздің балуандарымыз ел намысы үшін әрдайым тер төгіп, жақсы нәтиже көрсетуге тырысатынына кәміл сенемін», - деді Маирбек Юсупов.
Естеріңізге салайық, Польшада өткен «Циолковский» халықаралық жарысында еркін күрес шеберлері 12 медаль ұтып алды. Алтын медаль - Нұрислам Санаев (57 кг), күміс медаль иегерлері - Жандос Исмаилов (57 кг), Жігер Закиров (74 кг), Мамед Ибрагимов (97 кг) , қола медальдар - (57 кг) Ғабит Төлепбай, Ільяс Жұмай, Мейржан Аширов (65 кг), Саятбек Оқасов (61 кг), Ғалымжан Өсербаев (74 кг), Азамат Даулетбеков (86 кг), Альментай Бекдәулет (97 кг) және Іңкәр Ермұхамбет (125 кг).