Еламан Ерғалиев - «Қазақстан Барысы - 2017» атағының иегері
Астананың «Барыс Арена» мұз сарайында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі өз мәресіне жетті.
Осымен жетінші рет өткен беделді бәсекеге еліміздің 14 облысы, Алматы мен Астана қалаларынан және әскерилер арасында іріктеуден өткен, 34 үздік балуан қатысты. Турнирдің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев осы жарысқа қатыспағанымен, турнирде атақты балуандар көп болды. Атап айтсақ, «Қазақстан барысы» жарысының жеңімпаздары Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов және тәжірибелі Ержан Шынкеев пен Руслан Әбдіразақов.
Жарыс таңғаларлық оқиғаларға толы болды. Мәселен, «Әскер барысы» атанған Еламан Ерғалиев бірінші айналымда «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсыновты тізе бүктірсе, үшінші айналымда тәжірибелі Асыл Барменовты ұтып, жартылай финалға шықты. Бақ шаба ма, бап шаба ма? дегендей соқыр жеребе қорытындысы бойынша Ұлан, Ержан, Руслан, Айбек, Дәурен сынды мықты балуандар бір топқа түсіп қалды. Мәселен, Руслан Әбдіразақов бірінші айналымда соңғы жарыстарда үнемі «түйе балуаны» атанып жүрген Дәурен Нұралиновты жеңсе, үшінші айналымда өзінің ағасы Ұлан Рысқұлмен күш сынасты. Сондай-ақ соқыр жеребе үшінші айналымда Ержан Шынкеев пен Айбек Нұғымаровты кездестірді. Дегенмен, мықтының аты мықты. «Әскер барысы» Еламан Ерғалиев бірінші топтан финалға шықса, екінші топтан Руслан мен Айбектей азулы қарсыласты ұтқан тұңғыш «Қазақстан барысы» атағының иегері Ұлан Рысқұл ақтық сынға жолдама алды.
Үшінші орын үшін белдесуде шығыстың балуаны Айбек Нұғымаров атыраулық Арман Қалиевті жеңіл ұтып, қола белбеу мен 1 800 000 теңгені иеленді.
Бұған дейін Қызылордада Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақовты ұтып, «Сыр барысы» атанған Еламан Ерғалиев осы жолы да Ұланнан айласын асырып, «Қазақстан барысы - 2017» атанды. Әскерилердің намысын қорғап жүрген Еламан Ерғалиевке бірінші орын үшін 25 000 000 теңге, алтын белбеу мен «алтын тұяқ» жүлделері табысталса, күміс белбеу мен 5 500 000 теңге Алматы облысының тумасы Ұлан Рысқұлға бұйырды.